С. Трұмов: «Жоспарланған құрылыс нысандары мерзімінде аяқталсын»

С. Трұмов: «Жоспарланған құрылыс нысандары мерзімінде аяқталсын»

Бүгін облыс әкімі аппараттық жиында құрылыс саласына жауапты орынбасары мен сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына тапсырма берді. Аймақ басшысы әсіресе тұрғын үй құрылыстарын кешеуілдетпей, мерзімінде пайдалануға беруді қатаң тапсырды.


ОБЛЫСТА 6 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевтың мәліметінше биыл өңірде 6 мектептің құрылысы басталып, оған «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 1290 адам жұмысқа тартылды. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы, Қызылсай кентінде 50 орындық дәрігерлік амбулатория құрылысы, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Жетібай ауылында құқық қорғау органдарына арналған ауылдық полиция бөлімшесі ғимаратының құрылысы аяқталып, Ақтау қаласы 23 шағынаудандағы әкімшілік ғимаратын жаңғырту жұмыстары аяқталу үстінде.
Басқарма басшысының айтуынша 2021 жылы Мұнайлы ауданы Батыр селосындағы 80 пәтерге арналған 6,1 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер құрылысы, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 72 пәтерге арналған 3,9 мың шаршы метрді құрайтын жалдамалы түрғын үйлер құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Несиелік тұрғын үй бағыты бойынша Ақтау қаласында 85,9 мың шаршы метрді құрайтын 1282 пәтерге арналған тұрғын үйлер құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олар:


  1. Ақтау қаласының 18 шағынауданындағы тұрғын үйлер ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында рәсімдеу жұмыстары жүргізіледі.
    2. Ақтау қаласының 19а шағынауданындағы 432 пәтерлік тұрғын үйлер 2021 жылдың 3-тоқсанында аяқтау жоспарлануда.
    3. «АҚҚУ» шағынауданының 3-кезегінің тұрғын үйлерінің құрылысы 2021 жылы толықтай аяқталады (670 пәтер). Соның ішінде, 443 пәтерге арналған 2 тұрғын үй 1-ші тоқсанда аяқталуы тиіс.


ӨҢІРДЕ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Жиын барысында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй комуналдық шаруашылығы басқарма басшысы А. Хамиев Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша баяндама жасады. Бүгінгі күні өңірімізде жаңартылған энергия көздерін дамыту бағытында Мұнайлы ауданының Батыр ауылында қуаты 2 МВт күн электр станциясы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы қуаты 5 МВт жел электр станциясы және Форт-Шевченко қаласындағы қуаты 43,6 МВт жел электр станциясын салу жұмыстары іске асырылуда.


Өткен жылы Жетібай ауылында қуаты 10 және 5 МВт жел электр станциясы іске қосылған болатын. Сонымен қатар, алдағы уақытта Бейнеу ауылында 20 МВт жел электр стансасы және Шетпе ауылында 20 МВт күн электр стансасы құрылыстарын салу жоспарлануда. Аталған жобаларды ҚР Энергетика министрлігімен аукцион өткізіп, инвестор компанияны анықтайтын болады. Қазіргі таңда, министрліктің мәліметіне сәйкес, ашық аукционды берудің кестесі жасақталуда. Әкімдік тарапынан жер учаскесі резервтеледі және бөлінеді.