МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ӨҢІРДЕГІ СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ-ГАЗ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ӨҢІРДЕГІ СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ-ГАЗ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

ҚР Энергетика министрлігінің сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа бөлу жоспарына сәйкес, Маңғыстау облысына желтоқсан айында 17 748 тонна мұнай газы бөлінді. Соның ішінде 12 960 тоннасы «ҚазГӨЗ» ЖШС-нен, оның 25%, яғни 3240 тоннасы электронды сауда алаңдары арқылы (бұдан әрі - ЭСА), 75%, яғни 9720 тоннасы газ желісі ұйымдары арасында бөлінді.

Сонымен қатар, 4 788 тоннасы «Атырау мұнай газ өңдеу зауыты» ЖШС-нен, оның 25 %, яғни 1 188 тоннасы ЭСА арқылы, 75% яғни 3 600 тоннасы газ желісі ұйымдары арасында бөлінді. Қазіргі таңда «Атырау мұнай газ өңдеу зауыты» ЖШС-де жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты, сұйытылған мұнай газы (бұдан әрі - СМГ) 17 желтоқсаннан бастап беріледі.

Айта кетейік, шикі газдан өндірілген қосымша СМГ-ның 1 435 тоннасы бөлінді, оның 25% ЭСА арқылы, 75 % газ желісі ұйымдары арасында.

«Өңірдегі автокөліктерге газ құю станцияларындағы кезектің байқалуы бағаға қатысты деп пайымдаймыз. Мысалға, Ақтау қаласындағы автокөліктерге газ құю станцияларындағы СМГ-ның бағалары әр түрлі. Бірінде 50-55-60 теңгеден, ал Ақтау қаласына кіреберістегі Sinooil-дағы бағасы 49 теңгені құрайды. Жалпы «ҚазГӨЗ» ЖШС тарапынан СМГ бөлу жағынан ешқандай кедергі туындап отырған жоқ, тәулігіне шамамаен 450-500 тонна бөлініп отыр», - деді Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының маманы Бауыржан Ерпан.