"Парыз 2021" конкурсына қатысқан кәсіпорындарды марапаттау

"Парыз 2021" конкурсына қатысқан кәсіпорындарды марапаттау

Ағымдағы жылдың 15 желтоқсанда облыс кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек жағдайы мәселесі және «ПАРЫЗ 2021» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсына белсене қатысып, ат салысқан кәсіпорындарды республикалық және өңірлік деңгейде марапаттау мақсатында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия отырысы өткізілді.

         «ПАРЫЗ 2021» конкурсына келетін болсақ «Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 жарлығына сәйкес елімізде жыл сайын жеке кәсіпкерлер субъектілерін әлеуметтік мәселелерді шешу, бұл саладағы өз тәжірибесін кеңінен таратуға ынталандыру мақсатында жыл сайын Президенттің қолдауымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Парыз конкурсы өткізіліп тұрады.

Конкурсты өткізудің басты мақсаты жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлеріне де, тұтастай алғанда қоғамға да әлеуметтік проблемаларды шешуге ынталандыру, отандық бизнестің дамуын жоғарғы шегіне шығару, бізде өндірілетін тауарлардың сапасын арттыру және Қазақстанның бәсекелестігін өсіру болып табылады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы, ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Ең үздік жыл жобасы» номинациялары аясында жүргізілуде.   Конкурс, екі этапта өткізіледі: өңірлік және республикалық деңгейде.

Аталған конкурсқа өңірімізде 11 кәсіпорын қатысқан болатын.

  1. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын»
  2. «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын»
  3. «Үздік ұжымдық шарт»
  4. «Экологияға қосқан үлесі үшін»
  5. «Ең үздік жыл жобасы»

          Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы үміткерлерінің өтінімдері бойынша сараптамалық жұмыс тобының қорытындысымен, яғни бекітілген критерийлерге сәйкес «Тоталь Е энд П Дунга Гмбх» филиал компаниясы «Ең үздік жыл жобасы» номинациясы бойынша лауреатының жеңімпазы болып, ҚР Президентінің марапатына ие болды.

«Парыз 2021» конкурсына белсенді қатысып, ат салысқаны үшін «Қаражанбасмұнай» АҚ, «КазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы, «Өзенпромгеофизика» АҚ, «Mangystau Service Company» ЖШС, «Каз-Азот» ЖШС, «Мунайфилдсервис» ЖШС, «Мунайгазкурылыс» ЖШС, «Интергаз Центральная Азия», «Корпорация Технического Содействия» ЖШС, «ESCAD» ЖШС әлеуметтік қорғауды жақсарту, қызметкерге берілетін жеңілдіктер, қайырымдылық және демеушілік, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру, әлеуметтік нысандағы  объектілерді салу, халықтың осал буындарына қолдау көрсету, өңірдің, қаланың және ауданның дамуына инвестиция салу бойынша, өндірістік жарақат деңгейінің динамикасының жақсы көрсеткіштері, экологияға қосқан үлестерінің жақсы көрсеткіштері үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Шапкеновтың және Облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Меңдібаевтың алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, комиссия отырысында еңбек дауы туындау тәуекелдері бар кәсіпорындардағы  («Мұнайтелеком» ЖШС, «СП «CASPI BITUM» ЖШС, «Caspian Food» ЖШС, «Актаукрантехсервис» ЖШС, «ИБК «Си Бу» (Ақтау) ЖШС, «Бұрғылау» ЖШС) әлеуметтік-еңбек жағдайлары жөніндегі мәселелер қаралып, комиссия отырысының нәтижесі бойынша кәсіпорын басшыларына тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.