
2026 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге Халықаралық еңбек ұйымының кәсіпкерлікті дамыту және «жасыл» жұмыс орындарын құру жөніндегі аға маманы Кристина Мартинес және ХЕҰ-ның ұлттық консультанты Нуртуган Ерекенов қатысты.
Кездесу ХЕҰ-ның PAGE жобасын іске асыру, атап айтқанда, «көгілдір қаржыландыруды» бағалаудың әлеуметтік аспектілері бойынша консультативтік миссиясы аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында тараптар еңбек саласындағы өзекті мәселелерді, әлеуметтік аспектілерді, тұрақты жұмыспен қамтуды дамыту және еңбек қатынастарына қатысты бірқатар бағыттарды талқылады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысындағы еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Департамент басшысының міндетін атқарушы Әсет Ермұқанов қонақтарды қабылдап, Халықаралық еңбек ұйымы өкілдерімен пікір алмасты.
Кездесу соңында ХЕҰ өкілдері көрсетілген қонақжайлық пен мазмұнды кездесуге алғыстарын білдіріп, Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының дамуы, көріктілігі және ұйымдастырылған жұмыс барысына жоғары бағасын берді.