Маңғыстауда жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі

Маңғыстауда жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі
Маңғыстауда 2025 жылдың жаңа оқу жылында 8100 орындық 9 мектеп ашылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Қызылғұлова хабарлады.
 
Спикердің айтуынша, аталған 9 мектептің 3-еуі - Ақтау қаласында, 1-еуі - Жаңаөзен қаласында, 2-еуі - Бейнеу ауданында, 2-еуі - Мұнайлы ауданында, 1-еуі Маңғыстау ауданында ашылады.
 
-Бүгінде облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8100 оқушы орнына арналған 9 жаңа мектептің құрылысы жүруде. 2024 жылдың желтоқсан айында 4500 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді. Ал, 9 мектеп жаңа оқу жылында іске қосылады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 1300 мектепті жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс бойынша 21 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарды 2025–2027 жылдар аралығында толық аяқтау көзделіп отыр, - деді Гүлбану Қызылғұлова.
 
Сондай-ақ, спикер брифинг барысында өңірде жыл басынан бері 3 балабақша ашылғанын айтып өтті.
 
-Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту тарауында 2025 жылы 17 жаңадан балабақша ашылып, 4410 орынға дейін қамту мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Ақтау қаласындағы 18 және 34-шағын аудандары мен Мұнайлы ауданында 3 мектепке дейінгі ұйым құрылысын жүргізу жөнінде жеке инвесторлардан ұсыныс түсті, - деді Гүлбану Қызылғұлова.