28 қарашада Ақтауда «Жыл студенті – 2023» облыстық студенттер байқауы өтті.
Байқау «Үздік белсенді студент», «Үздік өнерпаз», «Үздік суретші», «Үздік спортшы», «Үздік ақын», «Үздік мобилограф», «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы», «Үлгерімі бойынша үздік студент» және «Үздік ерікті» аталымы бойынша бақ сынады. Сонымен қатар биыл алғаш рет «Ханзада мен Ханшайым» номинациясы берілді.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева студенттерді қоғамдық шаралардан қалмай, үнемі ізденіс үстінде болуға шақырды. Белсенділік танытқан үздік жастарды марапаттады.
Шара барысында Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай мемлекет тарапынан жастардың белсенділігін арттырып, шығармашылығын шыңдау мақсатында қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Байқауда топ жарған студенттерді құттықтап, арнайы дипломды табыстады.
Жүзден жүйрік шыққан студенттер қатарында Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің 3-курс студенті Ұлжан Абдрахман «Жыл студенті – 2023» атанды.
Ал «Үздік белсенді студент» аталымына Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті Дархан Шаңытбаев, «Үздік өнерпаз» аталымына Маңғыстау туризм колледжінің студенті Алина Кулова, «Үздік суретші» аталымына «Бейнеу гуманитарлық колледжінің студенті Альбина Болатова, «Үздік спортшы» аталымына Есенов колледжінің студенті Шалқар Ақмолдаев, «Үздік ақын» аталымына Ш.Есенов атындағы КТИУ студенті Алшын Суемов, «Үздік мобилограф» номинациясына «Каспий» жоғары педагогика және салалық технологиялар колледжінің студенті Анжимха Көптлеуова, «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы» аталымы бойынша Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің студенті Мирас Көшен, «Үлгерімі бойынша үздік студент» аталымы бойынша Ш.Есенов атындағы КТИУ студенті Гулсая Булекбаева, «Үздік ерікті» аталымына Каспий өңірлік «Болашақ» колледжінің студенті Гүлназым Абенова ие болды.
Жалпы облыстық байқаудың негізгі мақсаты - студент жастардың әлеуметтік әлеуетін арттыру және студенттік өмірге белсене араласатын жастарды, студенттерді, студенттік топтарды анықтау.
Салтанатты шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастырды.