Маңғыстауда «Мың бала» олимпиадасына тіркелу басталды

Маңғыстауда «Мың бала» олимпиадасына тіркелу басталды
Маңғыстау облысында ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды. Олимпиадаға соңғы екі оқу жылында еліміздің ауыл мектептерінде оқыған 6-сынып оқушылары ғана қатыса алады. Өтінімдер 1-наурыз бен 30-наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында қабылданады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Дарын» қосымша білім орталығының директоры Несібелі Куатова хабарлады.
Спикердің айтуынша, олимпиададан оқ бойы озық шыққан 1000 оқушы дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-инновация» лицейінде, «Дарын» мамандандырылған мектебінде білім алуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бес мың финалист «Birge oqý» онлайн-мектебінде тегін оқитын болады. Яғни, бұл оқушылардың қабілетін одан әрі дамытуға жағдай жасайды.
-Биылғы қатысушылар үшін басқа да жаңалығымыз бар. Соның бірі, биыл мұғалімдердің тіркеуден өткендігі. Енді олимпиадада оқушылары жеңімпаз атанған ұстаздарға да сертификат берілетін болады. Сонымен қатар, оқушылар үшін https://ro.elumiti.kz/ сайтында өткен жылдағы тест тапсырмалары бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін тренажер іске қосылды, - деді Несібелі Куатова.
Сондай-ақ, спикер брифингте «Мың бала» олимпиадасының екі кезеңнен тұратынын айтып өтті. Алғашқысы 2023 жылдың сәуір айының 3-і және 7-і аралығында онлайн форматта өткізілетін болады. Бұл кезеңде қатысушылар логикалық және кеңістіктік ойлауды өз деңгейінде бағалауды қамтиды. Облыстар бойынша ең жоғары ұпай жинаған бес мың оқушы олимпиаданың ІІ кезеңіне жолдама алады. Ал, екінші кезеңде қазақ тілінде білім алатын оқушылар қазақ тілі, орыс тілінде оқитын оқушылар орыс тілі, математикалық сауаттылық, ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өтеді.
-Бұл олимпиадаға үш жылдың ішінде 580 мыңнан астам оқушы қатысты. Соның ішінде 3000 жеңімпаз анықталып, оның 960-ы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды. Ал, тағы 5000-ға жуық бала онлайн қосымша білім алып жүр. Сондықтан, ақыл-ойы озық, білімі мен біліктілігі жоғары оқушыларды олимпиадаға қатысуға шақырамыз, - деді Несібелі Қуатова.