Маңғыстаудағы білім беру ұйымдарында наркобекеттер құрылды

Маңғыстаудағы білім беру ұйымдарында наркобекеттер құрылды
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы адамгершілік-рухани тәрбие және өзін-өзі тану бөлімі басшысының міндетін атқарушы Орынгул Мамутова хабарлады.
Оның айтуынша, наркобекеттердің құрамында мектеп басшысы, тәрбие жөніндегі орынбасары, мектеп инспекторы, психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекші бар.
-Наркобекеттердің мақсаты білім беру ұйымдарындағы есірткі заттарға тәуелді және наркологиялық диспансерде есепте тұрған оқушылармен жұмыс, алдын алу шараларын жүргізу. Бүгінгі таңда наркологиялық диспансерде есепте тұрған оқушы жоқ, - деді Орынгул Мамутова.
Мектептерде нашақорлыққа қарсы сурет көрмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Дені саудың жаны сау» айдарымен газеттер, 5-11 сыныптар аралығында шығармалар сайыстары «Дені сау ұрпақ-жарқын болашақ», «Спорт – адам өмірінің айнасы», «Мен нашақорлық туралы не білемін?», «Темекінің денсаулыққа зияны», «Сен темекі туралы не білесің?», «Сенің таңдауың» тақырыптарында семинар, дөңгелек үстел, пікір-сайыс өткізілді.
Сондай-ақ, брифингте Маңғыстау облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Эдуард Қуанаев сөз алды.
Оның айтуынша, есірткі бизнесінің барлық қылмыстық іс-әрекетінің басты буындарының бірі - жастарды интернет-ресурстары арқылы есірткі медиасына тарту болып табылады.
-Ол жасырын сипатқа ие және хат алмасу жолымен келісілетін уағдаластықтар («Telegram», «Vipoil» қосымшаларында және т. б.), төлемдік жүйелер бойынша қолма-қол ақшасыз тәсілмен, банктік карточкалық шотқа электрондық ақшамен («биткоиндер» және басқа да түрлер) аудару арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте, жедел іс шараларын жүргізу барысында «Никнейм» (есірткі сататын интернет тобы немесе дүкен) орнату және оны «Мобильді нөмірге» байланыстыру техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Осыған байланысты қылмыскердің деректерін және оның орналасқан жерін анықтау қиынға соғады, - деді Эдуард Қуанаев.