Маңғыстауға мұғалімдер шақырылады

Маңғыстауға мұғалімдер шақырылады
Маңғыстауда педагогтардың тапшылығын азайту мақсатында басқа өңірлерден мұғалімдер шақырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Динара Жұмашева хабарлады.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда облысымызда кадр тапшылығы 229 педагогті құрайды. Соның ішінде Ақтау-97, Жаңаөзен-81, Бейнеу-1, Қарақия-20, Маңғыстау-6, Мұнайлы-13, Түпқараған-11. Кадр тапшылығының басым бөлігі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі- 96.
- Өңірге келіп жұмыс жасауға ниетті мұғалімдер іріктеледі. Яғни арнайы комиссия құрылып, үздіктер таңдап алынады. Қазір конкурс жарияланған. Мұғалімдерден құжат қабылдау 16-26 маусым аралығында жүзеге асырылады. Әзірге 13 өтініш келіп түсіпті. Ары қарай, ұстаздар Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тестілеуден өтіп, эссе жазады. Соңғы шешім ҚР Оқу-ағарту министрлігімен онлайн өтетін әңгімелесуде қабылданады,-деді Динара Жұмашева.
Іріктеуден өткен педагогтардың жалақысы жоғары болады. Негізгі айлыққа 150% үстеме қосылады.
-Конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан, тиісті бейіндер бойынша жоғары педагогикалық, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" біліктілік санаттары бар ҚР педагогтері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектері (гуманитарлық бағыт бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,2-ден төмен емес, сондай-ақ педагогикалық мамандықтар бойынша магистратураның үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,4-тен төмен емес түлектері) қатысады,-деді Динара Жұмашева.
Конкурсқа қатысу үшін кандидат мынадай құжаттарды тапсырады:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) білім беру ұйымы басшысының қолымен расталған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса);
3) ЖОО педагогикалық мамандықтарының түлектеріне арналған Білім туралы құжаттың көшірмесі немесе транскрипт (Transcript);
4) жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтар түлектеріне арналған ұлттық біліктілік тестілеу сертификаты;
5) фотосуреті бар түйіндеме;
6) педагогтерге арналған білімі мен біліктілігі туралы құжаттың көшірмесі;
7) Электрондық форматтағы 3х4 көлеміндегі фотосурет;
"Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
9) қосымша ақпарат (біліктілігін арттыру, академиялық және ғылыми дәрежелер беру, кәсіби жетістіктер мен жарияланымдар және т.б. туралы құжаттардың көшірмелері).
Құжаттар m.kuzhatkabyldau@mangystau.gov.kz электронды мекенжайына жіберіледі.