1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні

1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні

Облыс көлемінде мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беру ұйымдарында, колледждерде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кең ауқымды шаралар ұйымдастырылды.

Ақтау қаласында 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Жауқазын» облыстық балалар шығармашылығы өнер фестивалі өткізілді. Аталған шараға Корей этномәдени бірлестігі, облыстық кәсіподақ қоғамдық бірлестігі,  үкіметтік емес ұйым өкілдері, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері мен ата -аналар және БАҚ өкілдері қатысты. Фестиваль барысында қонақтар балалар шығармашылығынан ұйымдастырылған «Біз - Қазақстан балаларымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты көрмені тамашалады. Фестивалде 150 бала өз өнерлерін көрсетті. Әрбір қатысқан бүлдіршінге мерекелік сыйлықтар табыс етілді.

«Tree of life» жазғы демалыс базасында 300-ден астам аз қамтылған отбасы мен мүмкіндігі шектеулі балаларға , облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне мерекелік шара ұйымдастырылды.

Шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Р.Сәкеев балалар мен ата-аналарға облыс әкімі Е.Тоғжановтың құттықтауын жеткізді. «Балбөбек» балалар театрының ұйымдастыруымен түрлі ойындар өткізілді. Балаларға демеушілердің тарапынан сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік дастархан жайылып, ата-аналар мен балалар өз ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар Ақтау-Құрық жолындағы экзотикалық құстар саябағына саяхат, «Мы люди, мы вместе» ҚҚ  денсаулық сақтау басқармасы және Форте банк ұжымының бірлескен облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен «Папа, мама және мен» атты спорттық жарысы, «Луара» ҚҚ жанындағы инклюзивтік би студиясының қорытынды концерті  өткізілді.

Аз қамтылған отбасы балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында, «Ақтау», «Бәйтерек» ойын-сауық орталықтарында, кинотеатрларда «Маугли» , «Алладин», «Аңқау аю» атты  (мектепке дейінгі балалар) қойылым  тегін кино, мультфильмдер көрсетілді.

Жалпы білім беру ұйымдарында «Бақытты балалық шақ» атты  мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Оқушылар орталығының ұйымдастыруымен «Ақбота» ойын-сауық орталығында «Бақытты балалық» асфальтқа сурет салу байқауы, аула клубтары  үйірмелеріне қатысушылар арасында шахмат, тоғызқұмалақтан жарыс, «Біз спортты таңдаймыз!» атты спорттық шаралар,мектепке дейінгі ұйымдарда «Сиқырлы қылқалам» асфальтқа сурет салу байқауы, бастауыш сыныптар арасында «Толағай»- жанұялық сайысы өткізілді. 

1 маусым күні аудандар мен қалаларда балалар шығармашылық фестивалдері, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, флешмобтар, асфальтқа суреттер салу конкурстары т.б бойынша 30-дан астам негізгі іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 30000-нан астам бала қамтылды.