Маңғыстау облысында 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр

Маңғыстау облысында 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр
Биыл Маңғыстау облысында 8 мектеп пайдалануға берідеді деп күтілуде. Оның бесеуі Ақтау қаласында бой көтеруде. Өңір басшысының орынбасары Гүлмира Қалмұратова жаңадан салынып жатқан білім ордаларының құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс орталығындағы 18, 19А және 31А жаңа шағын аудандарында салынып жатқан мектептер 1200 орындық болып белгіленген. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң, аталған шағын аудан оқушылары қаланың өзге мектептеріне қатынап оқу машақатынан құтылады.
Сондай-ақ Ақтау қаласының 32 а шағын ауданындағы N29 орта мектеп жанынан 400 келушіге және Өмірзақ ауылында 150 оқушыға арналған жапсаржай тұрғызылып жатыр.
2022 жылы Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында және Мұнайлы ауданының Басқұдық елді-мекенінде де жаңа мектеп оқушылар игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Гүлмира Қалмұратова жергілікті атқарушы биліктің алдында тұрған басты міндет - мектептердегі үш ауысымдық білім беру мәселесін жою екенін атап өтті.
- Қазір өңірде мемлекеттік 143 мектеп жұмыс істейді. Онда барлығы 162 259 бала білім алады. Республика бойынша Маңғыстауда бала туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан аймақта соңғы 5 жылда оқушы саны 41 мыңға артып отыр. 2021 жылы Ақтау қаласында 1500 орындық 2 білім беру нысаны мен 1160 орындық 5 жекеменшік мектеп іске қосылды. Десе де үш ауысымдық мектеп саны азаймай тұр. Бұл мәселе Президент тапсырмасы бойынша үкімет қабылдаған облысты дамытудың кешенді жоспары аясында шешімін таппақ. Сондай-ақ кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа мектептер салу ісіне басымдық беріп жатырмыз, деді Гүлмира Қалмұратова.