Құрметті әріптестер, ата-аналар, оқушылар!

Құрметті әріптестер, ата-аналар, оқушылар!
Сіздерді биылғы оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын.
 
Бүгін барлық мектептерде «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» атты тәрбиелік іс-шаралар өткізіліп, олар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық бере отырып ұйымдастырылады.
 
Тағы бір оқу жылын табысты қорытындылап отырмыз. Бұл – мұғалімдердің тынымсыз еңбегі мен кәсібилігінің, оқушылардың білімге деген құштарлығы мен талпынысының және ата-аналардың қолдауы мен сенімінің нәтижесі.
 
Биыл өңіріміздегі 216 мектепті 193 156 оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде 16 190 оқушы – 9-сыныпты, 10 059 оқушы – 11-сыныпты бітіреді. 321 түлек «Алтын белгіге», 661-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар, 9-сынып бітірушілерінің 825-і үздік аттестатқа үміткер.
 
Жалпы білім берумен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру саласында да оң нәтижелер бар. Биыл 5020 студент колледжді тәмамдап, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеріп шықты.
 
Білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар дарынды оқушылардың жетістіктерінен де көрініс табуда. Атап айтқанда, 54 оқушы халықаралық білім додаларына қатысып, оның 37-сі жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде 4 - алтын, 10 - күміс және 23 - қола медаль.
 
Өңіріміздің педагогтері де республикалық додада топ жарып, «Үздік педагог-2025» байқауында үздік нәтиже көрсетіп, 3 педагог «Үздік педагог» атағына ие болды.
 
Құрметті түлектер!
Алдарыңызда қорытынды емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тестілеу тұр. Осы жауапты кезеңде сіздерге сәттілік, жоғарғы нәтиже, өз білімдеріңізге сенімділік тілеймін.
 
Сондай-ақ, баршаңызға жүрек қалауыңызға сай, қоғамға пайда әкелетін мамандық таңдап, болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуыңызға тілектеспін.
Қадірлі ұстаздар мен ардақты ата-аналар!
 
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен шәкірт тәрбиелеудегі өлшеусіз үлестеріңіз үшін, балалардың білім алып, тәрбиелі болып қалыптасуына қосқан қолдауларыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін!
 
Баршаңызға мықты денсаулық, толағай табыс, отбасы амандығын және жарқын болашақ тілеймін!
 
Ізгі тілекпен, Кумбаев Амантай Ясауиұлы Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы.