«Жүректе тұрар жалқы үнің…» атты салтанатты кеш

«Жүректе тұрар жалқы үнің…» атты салтанатты кеш
2026 жылдың 13 ақпан күні ұзақ жылдар бойы білім саласында нәтижелі еңбек етіп, 2014–2026 жылдар аралығында Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры қызметін атқарған Қаламқас Қалиқызының құрметті зейнет демалысына шығуына арналған «Жүректе тұрар жалқы үнің…» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
 
Шараға облыс әкімінің орынбасары Өрісбаев Аббат Жәңгірханұлы, білім басқармасы басшысының орынбасары Газимова Құралай Нұрлығайынқызы, Түпқараған ауданының әкімі Күмісқалиев Ержан Көпжасарұлы, сондай-ақ ардагер ұстаздар, әріптестер мен арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты.
 
Облыс әкімінің орынбасары өз құттықтау сөзінде аймақ басшысы Қилыбаев Нұрдәулет Игілікұлының арнайы құттықтауын жеткізіп, ықылас гүлін табыстады. Жиында Қаламқас Қалиқызының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі мен нәтижелі басшылық қызметі ерекше атап өтілді.
 
Салтанатты кеш барысында мектеп ұжымы мен шәкірттері тарапынан алғыс сөздер айтылып, арнау өлеңдер оқылды. Әндер шырқалып, ұстаздың еңбек жолынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді.
 
Кештің соңында мектеп ұжымы Қаламқас Қалиқызына алғыс білдіріп, еңбегіне табыс тілеп, құрмет көрсетті.
 
Айта кетейік, Қаламқас Қалиқызы басшылық еткен кезеңде Ақшұқыр мектеп-лицейі 5 мәрте республикалық «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі», 2 рет облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын иеленді. Мектептен 5 рет республикалық «Үздік педагог» төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегерлері шықты. Сонымен қатар 7 мектеп директоры тәрбиеленіп, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанған педагогтер қалыптасты.