
Маңғыстау туризм колледжінің жаңа даму стратегиясы таныстырылды
Маңғыстау туризм колледжінде «New tourism college: дамудың заманауи сатысы» облыстық форумы өтті.
Іс-шараны өңірлік білім басқармасының «Облыстық техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығы», Маңғыстау туризм колледжі ұйымдастырды. Форумның басты мақсаты - кәсіптік білім беру саласында жаңа инновациялық және цифрлық жобаларды тиімді енгізу, колледждің жаңартылған бренді мен даму стратегиясын таныстыру.
Іс-шараға облыстық білім беру ұйымдарының басшылары, басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, салалық басқарма басшылары, педагогтер, бизнес-құрылымдар, әлеуметтік серіктестер, ІТ-мамандар, студенттер мен ата-аналар, БАҚ өкілдері қатысты.
Форум бағдарламасы аясында колледждің жаңа бейнесі мен стратегиялық бағыты таныстырылып, ЖИ-персонализациясы арқылы ұлттық қазақ асханасына негізделген «Дұрыс тамақтану» Telegram-ботының цифрлық жобасын ұсынылды. «Білім берудегі әріптестік: үш колледждің коллаборациялық жобасы» таныстырылымы, меморандумға қол қойылып, колледждің жаңа стартап жобаларының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев туризм саласын дамытудағы үлкен жобаларды жүзеге асыруда ең қажетті ресурс - маман екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы 2024 жылы Маңғыстауды туристік локациялардың бас аймақтарының бірі деп белгіледі. Өңіріміздегі туризм саласын дамыту бойынша көптеген іргелі жұмыстар атқарылуда. 2025-2029 жылдарға арналған Маңғыстау өлкесінің туризмін дамыту үлкен бағдарлама жасақталды. Соның аясында үлкен жобаларды жүзеге асырып отырмыз. Бізге ең қажетті ресурс - маман. Кәсіби маманды дайындау процесінде Маңғыстау туризм колледжінің маңызы зор. Колледж тек қонақ үйлердің мамандарын ғана емес, гидтер, өлкетанушылар мен осы салаға қажетті кәсіби мамандарды даярлауда, - деді Аббат Өрісбаев.
Сондай-ақ, сала мамандары цифрлық трансформация, туризм саласындағы инновациялар мен білім беру экожүйесін дамыту мәселелерін талқылады. Тәжірибелік алаңдарда волонтерлік қызмет, құм терапиясы, тағам өнімдерінің сапасын бағалау эксперименттері, шебер-сыныптар мен гастрономиялық шоу ұйымдастырылды.