
Маңғыстауда білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық диагностикаларды жүргізу тиімділігін арттыру мақсатында «We Global KZ» жаңа инновациялық бағдарлама іске қосылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шынар Байдуллаева айтты.
Платформа психологтардың уақытын үнемдеп, жұмысты жүйелеп,оқушыларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беріп, олардың психологиялық жағдайын, қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуде қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
-Психологиялық-педагогикалық мониторингті автоматтандыру мақсатында білім беру ұйымдарында «We Global KZ» ЖШС-нің инновациялық жүйесі енгізіліп, мектеп психологтеріне бағдарламаның мүмкіндіктері таныстырылды. Өткен жылы психологиялық қолдау орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін «7292» сенім телефонына 980 қоңырау түсіп, 729 балаға, 189 ата-анаға және 62 педагогке консультациялық әрі психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ отбасыларды қолдау, балалар құқығының бұзылуы мен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығының сенім телефоны білім беру ұйымдарының кіреберістері мен ақпараттық ресурстарда орналастырылды, - деді Шынар Байдуллаева.
Спикердің айтуынша, білім беру ұйымдарында ата-аналармен бірлесіп жол-көлік жарақаттарының алдын алу, көшедегі және үйдегі өрт қауіпсіздігі, киберқауіпсіздік бағыттары бойынша өзара іс-қимыл күшейтілуде. Осы мақсатта жауапты сала өкілдерімен әзірленген жоспарға сәйкес тоқсан сайын «Қауіпсіз білім беру ұйымы» онкүндігі өткізілді.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде техникалық құралдардың маңызы зор. Брифинг барысында Маңғыстау облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім басшысы Әлібек Намазов террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғау үшін бейнебақылау, кіруді бақылау жүйелері, дабыл түймелері, өткізу және ішкі режим сияқты қауіпсіздік шаралары міндетті түрде қамтылуы тиіс екенін атап өтті.
-Білім беру нысандарын қорғау қызметтерін сатып алу ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 15 мамырдағы №112 бұйрығымен бекітілген үлгілік конкурстық құжаттама негізінде жүзеге асырылады. Аталған құжаттамада күзет қызметтерін көрсетушілерге қойылатын талаптар, оның ішінде олардың біліктілігіне, материалдық-техникалық және еңбек ресурстарына қойылатын талаптар белгіленген. Білім беру объектілерін қорғау үшін тартылатын жеке күзет ұйымдары террористік тұрғыдан осал нысандардың күзету құқығын қамтитын күзет қызметін жүзеге асыруға лицензиясы ие болуы және тиісті даярлығы бар білікті қызметкерлермен қамтамасыз етілуі тиіс, - деді Әлібек Намазов.