2026 жылдың 02-05 ақпан аралығында Ақтау қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектеп базасында 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағытына қатысатын оқушылар мен олардың ғылыми жетекшілеріне арналған дайындық оқу-жаттығу жиыны өтуде.
Аталған оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты - оқушылардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін арттыру, жобалардың сапасын жетілдіру және республикалық деңгейдегі ғылыми байқауға қатысушыларды мазмұндық әрі әдістемелік тұрғыдан жан-жақты дайындау болып табылады.
Оқу-жаттығу жиыны барысында ғылыми жобалардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар, зерттеу тақырыбын нақтылау және өзектілігін негіздеу, ғылыми жаңалық пен практикалық маңызын айқындау, зерттеу әдістерін дұрыс таңдау, жобаны қорғау ерекшеліктері, бағалау критерийлері мен типтік қателерді болдырмау жолдары кеңінен қарастырылады.
Сонымен қатар, ғылыми жетекшілер үшін оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиімді сүйемелдеу, зерттеу үдерісін жүйелі ұйымдастыру және әдістемелік қолдау көрсету бағытында арнайы жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңінің қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2026 жылдың 17–20 ақпан аралығында Қарағанды қаласында өтеді.
Аталған дайындық оқу-жаттығу жиыны оқушылардың қорытынды кезеңге толыққанды дайындалып, жоғары нәтижелер көрсетуіне бағытталған.