2026 жылдың 2 ақпанында Ақтау қаласындағы №35 жалпы білім беретін мектепте 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Абайтану» олимпиадасы өтуде.
Зияткерлік сайысқа аудандық кезеңнен іріктеліп, жеңімпаз атанған 25 оқушы қатысуда.
Олимпиаданың басты мақсаты – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын терең меңгерту, оқушылардың танымдық, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту.
Олимпиада екі айналымнан тұрады.
Бірінші айналымда қатысушылар Абайдың қарасөздері мен поэзиясы негізінде ұсынылған тақырыптардың біріне эссе жазады.
Екінші айналымда Абай өлеңдері мен қарасөздері бойынша тапсырмалар орындалып, қатысушылардың шығарманы талдау, логикалық ойлау, өз пікірін дәлелдеп жеткізу, сондай-ақ грамматикалық сауаттылық деңгейі бағаланады. Бұл кезеңде М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан немесе Абай шығармаларынан алынған мәтіндер де қамтылады.
Олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушы республикалық кезеңге жолдама алады.
Жеңімпаздар білім басқармасының дипломдарымен марапатталады.