Маңғыстауда инклюзивті білім беру жобасының қорытындысы шығарылды

Маңғыстауда инклюзивті білім беру жобасының қорытындысы шығарылды
2026 жылдың 19 қаңтар күні Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында «Инклюзивті білім беру: әрбір бала инклюзивті сыныпта оқып, сапалы әрі қолжетімді білім алуға құқылы»
тақырыбындағы жобаның қорытындысына арналған дөңгелек үстел өтті.
 
Іс-шараға Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асылан Күжиев, үкіметтік емес ұйым өкілдері, Ақтау қаласындағы №6 және №17 жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен педагогтері, педагог-ассистенттер, дефектологтар, логопедтер және инклюзивті білім беру саласының сарапшылары қатысты.
 
Аталған жоба 2025 жылғы қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында Ақтау қаласындағы №17 жалпы білім беретін мектеп базасында пилоттық форматта іске асырылды.
 
Жоба аясында Ақтау қаласындағы №6 және №17 мектептердің 75-тен астам педагогіне арналған онлайн және офлайн оқыту тренингтері ұйымдастырылды. Нәтижесінде мұғалімдердің, педагог-ассистенттердің, дефектологтар мен логопедтердің кәсіби құзыреттілігі арттырылып, ата-аналарға арналған арнайы оқыту іс-шаралары өткізілді.
 
Дөңгелек үстел барысында жобаның оқыту нәтижелері ұсынылып, мектептердегі «бұрын және кейін» форматындағы өзгерістер көрсетілді. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді жалпы білім беру үдерісіне енгізудің нақты тәжірибелері талқыланды.
 
Қатысушыларға ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен сертификаттар табысталып, инклюзивті білім беру ортасын дамытуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленді.
 
Дөңгелек үстелге қатысушылар жобаның табысты тәжірибесін Маңғыстау облысының өзге де мектептерінде кеңейтуге және алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.