Бүгін, 2025 жылғы 5 желтоқсан күні Астана қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Кәсіби маман» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.
Қазақстандағы жұмысшы кадрларды даярлаудың озық тәжірибелерін анықтау және қолдау мақсатында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен аталмыш шарада Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі «Жұмысшы кадрлар даярлау жөніндегі үздік колледж» номинациясы бойынша III орынға ие болып, «Үздік колледж» атанды.
Бұл жетістік – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім саласындағы сапалы жұмысты, еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлаудағы тәжірибені дәлелдейді.
Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі ұжымының болашақ кәсіби шеберлерді дайындаудағы еңбегі еленіп, республикалық деңгейде мойындалуы – облыс үшін үлкен мақтаныш.