Маңғыстауда ерекше балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды

Маңғыстауда ерекше балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды
Маңғыстау облысында білім басқармасының тапсырысымен «Қолдау орталығы» 2024–2025 оқу жылында «Zerde+» және «Demeu 2.0» жобаларын жүзеге асырды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте басқарманың бөлім басшысы Шынар Байдуллаева айтты.
 
Спикердің айтуынша, «Zerde+» жобасы - ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың әлеуметке бейімделуіне, шығармашылық қабілетін дамытуға және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында тамыз–қараша айлары аралығында 300 маман біліктілігін арттырды.
 
-Ал, «Demeu 2.0» жобасы - жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға арналған әлеуметтік тапсырыс. Бұл бағытта 450 педагог-психолог пен әлеуметтік педагогтың біліктілігін арттыру көзделген. Қыркүйек–қараша айлары аралығында 220 маман оқытудан өтіп, 7 ментор таңдалды. Олар өз өңірлерінде үш модульдік бағдарлама бойынша әріптестерімен тәжірибе алмасты, - деді Шынар Байдуллаева.
 
Брифинг барысында «Қолдау орталығы» мекемесінің директоры Милана Елеусінова алдағы уақытта «InBilim» және «Демеу+» жобасы жүзеге асырылатынын айтты.
 
-«InBilim» жобасы арқылы арнайы білім беру ұйымдарындағы 150 маманның кәсіби біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр. Жоба өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға, инклюзивті білім берудің сапасын арттыруға бағытталған. Ал, «Демеу+» жобасы аясында 7 елді мекенде ата-аналармен және жасөспірімдермен тренингтер, консультациялар мен психикалық денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған іс-шаралар өтеді. Аталған жобалар қазан–қараша айларында жүзеге асады. Жұмыс барысы «Қолдау орталығының» ресми әлеуметтік парақшаларында жарияланып отырады, - деді Милана Елеусінова.