Бүгін, 5 қыркүйек күні, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы Қосбұлақ-2 шағынауданында жаңа 600 орындық мектеп ашылды. Бұл білім ордасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.
Жаңа оқу жылынан бастап облыс бойынша 5 жаңа келешек мектеп пайдалануға берілді. Соның бірі – Қосбұлақ-2 шағынауданындағы №1 жалпы білім беретін жаңа мектеп. Қазіргі уақытта мектепке 422 оқушы қабылданып, білім алуын бастап кетті. Сонымен қатар, 44 педагог ұстаздық қызметке кірісті.
Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда биология, химия, география, тарих, информатика, робототехника, ағылшын және орыс тілі, алғашқы әскери дайындық, сандық сауаттылық, инклюзивті қолдау, психолог пен логопед, сенсорлық кабинеттері бар. Сонымен бірге музыка, хореография, визуалды өнер, дизайн және технология, STEM, мәдениет үйі шеберханалары, кітапхана, асхана, спорт залы, жаттықтырушы кабинеті, акт залы, медициналық пункт, мұражай және басқа да қажетті инфрақұрылым толық қамтылған.
Айта кететін жайт өткен жылы өңірімізде 8 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы оқу жылында 10 мектеп пайдалануға беруге жоспарланды. Оның ішінде 9 мектеп – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, ал 1 мектеп – демеушілік қаражат есебінен салынды. Бұл нысандардың ашылуы нәтижесінде Мұнайлы және Түпқараған аудандарында үш ауысымды оқыту толықтай жойылып, бір апатты мектептің мәселесі шешімін тапты.