Маңғыстауда 2025–2026 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 20 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік білім басқармасы мектепке дейінгі, орта білім және цифрлық технологияларды дамыту бөлімінің басшысы Клара Құлатаева хабарлады.
Спикердің айтуынша, жаңа оқу жылында өңір мектептеріне жалпы 196 мыңнан астам оқушы қабылданады.
-Сонымен қатар, 3–6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ды, ал 2–6 жас аралығындағы қамту 94%-ды құрады. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 94,2%-ға жеткізу көзделген. Осы мақсатта биыл 1906 жаңа орын ашылды, жыл соңына дейін тағы 2504 орын ашу жоспарланған, - деді Клара Құлатаева.
Сондай-ақ, спикер брифинг барысында қазіргі таңда 1-сыныпқа 17 мыңнан астам оқушы мектепке қабылданғанын айтты. Бұл көрсеткіш 1 қыркүйекке дейін өседі.
Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында 9400 орындық 9 мемлекеттік және 6910 орындық 14 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 9300 орындық тағы 10 нысан іске қосылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, 7 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесі шешімін табады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласындағы 2 мектепте қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.