2025 жылғы 10 шілдеде Түпқараған ауданында Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні облыстық деңгейде кең көлемде аталып өтті. Бұл — Маңғыстау өңірінің дәстүрлі шаруашылығы саналатын сала мамандары үшін ғана емес, теңізбен біте қайнасқан бүкіл халық үшін ерекше маңызға ие күн.
Маңғыстау облысының әкімі кәсіби мерекеге орай ауданға жұмыс сапарымен келіп, салтанатты іс-шараларға қатысып, сала ардагерлеріне және еңбек майталмандарына алғысын білдірді.
Маңғыстау облысы әкімінің Түпқараған ауданына жұмыс сапары аясында ерекше назар «Балық өндірісі» мамандығы бойынша кадрлар даярлайтын жалғыз оқу орны — Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжіне аударылды. Жағалау кәсіпшілігінің дәстүрін сақтап қалған бұл оқу орны бүгінде білікті мамандарды қажет ететін маңызды саланың тірегіне айналып отыр.
Колледжге жасалған сапар – балық шаруашылығы саласын жүйелі дамыту кәсіби кадрлармен тікелей байланысты екенін тағы бір дәлелдеді. Тек теориялық білім емес, өндірістік тәжірибе мен заманауи инфрақұрылым — қазіргі еңбек нарығы талап етіп отырған негізгі факторлар.
Сапар барысында колледж директоры Илес Еркінұлы Нурадинов облыс басшысына бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, колледж басшысы қаржыландыруды қажет ететін өндірістік тәжірибеге арналған мамандандырылған ангар мен заманауи акт залының құрылыс жобасын таныстырды. Ол бұл қаржыны қажет ететін бастамалар тек материалдық базаны жаңартуға емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық болашағына бағытталған ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Өз баяндамасында Илес Нурадинов бұл жобаның жай ғана құрылыс емес, ауыл жастарының шығармашылық, практикалық және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды инвестиция екенін атап өтті.
Әсіресе, «Балық өндірісі» мамандығына арналған арнайы ангар салу – уақыттың өзі талап етіп отырған шешім. Себебі балықпен жұмыс санитарлық талаптарды сақтауды, ерекше иісіне байланысты оқу бөлмелерінен оқшауланған арнайы кеңістікті қажет етеді. Сондықтан толық жабдықталған өндірістік орта – білім беру сапасының кепілі.
Сонымен қатар, заманауи акт залы — кәсіби бағдар, мәдени және білім беру шараларын өткізуге арналған көпфункционалды кеңістік болмақ. Бұл залда LED-экранмен және жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған IT-hub ашу көзделіп отыр. Мұнда мектеп оқушылары өз болашағын айқындауға мүмкіндік беретін заманауи құралдармен жұмыс істеуді меңгереді.
Сондай-ақ, виртуалды шындыққа (VR) негізделген алаң құрылып, жасөспірімдерге өңірдегі мамандықтар мен колледждер туралы ақпаратты жаңа форматта – толық ену эффектісімен танып-білуге жол ашылады.
Бұл жобалар жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, кәсіптік бағдар беруге, сондай-ақ өңірдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған нақты әрі өміршең бастамалар.
И. Нурадиновтың айтуынша, Президенттің бастамасымен 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы, ал 2026 жылдың Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы деп жариялануы – дәл осындай құрылыс жобаларының жүзеге асыру өзектілігін арттырып отыр. Бұл — кәсіби кадрлар даярлау, сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту және заманауи кәсіби бағдар беру жүйесін қалыптастыру жолындағы нақты қадам.
Колледж ұжымы мерекелік бағдарламаға ерекше белсенділікпен атсалысты. Оқу орнының аумағында балық өнімдерін қайта өңдеуге арналған арнайы демонстрациялық алаң ұйымдастырылды, шеберлік сабақтар көрсетілді. Студенттер мен оқытушылар дайындаған өнімдердің дегустациясы келушілер назарына ұсынылып, кәсіби даярлықтың нақты нәтижелері көрнекі түрде көрсетілді. Бұл бастама болашақ мамандардың практикалық машықтарын паш етіп қана қоймай, қонақтарды оқу процесінің өндірістік қырларымен таныстыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, мерекенің негізгі бөлімі өткен теңіз жағалауында колледж аудан тұрғындары мен қонақтары үшін балық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Осылайша, оқу орны білім беру әлеуетін ғана емес, сондай-ақ, саланың экономикасындағы өз орнын, балық шаруашылығы бағытында кәсіби кадр даярлаудың нақты маңызын іс жүзінде көрсете білді.
Балык шаруашылығы – Түпқараған ауданы үшін тек кәсіби сала ғана емес, тарих пен тұрмыстың бір бөлшегі. Бір кездері бұл өңірде қуатты балық өңдеу зауыты жұмыс істеп, жергілікті экономиканың қозғаушы күшіне айналған болатын. Уақыт өте келе бұл өндіріс тоқтап қалғанымен, саланың өзі жойылған жоқ — керісінше, жекеменшік сектордың бастамасымен қайта жанданып келеді.
Саланы жүйелі дамыту жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның бірі – 2023 жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғайевтың бастамасымен Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінде жаңа «Балық өндірісі» мамандығының ашылуы. Бұл шешім өңір үшін стратегиялық мәнге ие болды. Бүгінде колледж – осы бағытта кадр даярлайтын облыстағы жалғыз оқу орны.
Алайда саланың ұзақ мерзімді дамуы тек біліммен шектелмейді. Заманауи өндірістік база мен салалық кәсіпорындармен тұрақты әріптестік – балық шаруашылығының нақты тірегі. Қазіргі таңда аудандағы балық шаруашылығы кәсіпорындарының басым бөлігі орта деңгейлі және жеке секторға тиесілі. Олар нарық сұранысын ішінара қамтамасыз етіп отырғанымен, қуатты өндірістік инфрақұрылым қажет екені анық.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының туристік әлеуеті артқан сайын, сапалы әрі қауіпсіз балық өнімдеріне деген сұраныс та ұлғайып отыр. Бұл өз кезегінде жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Осындай кадрларды даярлауды бүгінде Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжі жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шаралар мерекелік сипаттан бөлек, саланың келешегін айқындайтын мазмұнды диалог алаңына айналды. Бұл күні еңбек адамына деген құрметпен қатар, балық шаруашылығының аймақтағы даму бағыты мен білім беру жүйесін нығайту мәселелері де кеңінен сөз болды.
Бүгінгі бастамалар Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінің өңірлік дамудағы стратегиялық рөлін айқындай түсіп, оны салалық кадр даярлаудың тірек орталығына айналдырып отыр.