2024 жылдың ақпан айының 8 күні Түпқараған ауданы, Таушық ауылы маңында орналасқан қиыршық тас өндіретін карьерлердің жұмысы барысында экологиялық талаптардың сақталмауы бойынша жиналыс өткізілді

2024 жылдың ақпан айының 8 күні Түпқараған ауданы, Таушық ауылы маңында орналасқан қиыршық тас өндіретін карьерлердің жұмысы барысында экологиялық талаптардың сақталмауы бойынша жиналыс өткізілді

Түпқараған ауданы, Таушық ауылы маңында орналасқан қиыршық тас өндіретін карьерлер экологиялық қауіпсіздікті сақтамайтындығы анықталып отыр. Бұл жағдай ауыл тұрғындарының үнемі наразылығын тудыруда.  

Бұған дейін, Түпқараған аудандық Қоғамдық Кеңес Төрағасының бастамасымен ауыл тұрғындарының атынан өтініш-шағымдар келіп түскен болатын.

Соған сәйкес, бүгінгі күні туындап отырған мәселені талқылау мақсатында ауыл тұрғындарын, ауыл маңында орналасқан жер қойнауын пайдаланушы карьер өкілдері, Қоғамдық Кеңес мүшелері, сонымен бірге мемлекеттік органдардың қатысуымен еркін форматта жиналыс өткізілді.

Жиналыс барысында осы мәселеге қатысты әр тарап: халық, мемлекеттік органдар және карьер иелері өз ойларын айтты.

Тұрғындар арасында басқармаға қатысты қоғамдық тыңдаулар бағытында мәселелер көтерілді. Көп жағдайда, қоғамдық тыңдаулардың өтетіндігі туралы халықты алдын-ала хабарлау жұмыстары жүргізілмейтіндігіне наразылық туындады.

Басқарма басшысы Ә. Балманова тарапынан қоғамдық тыңдаулар өтетіндігі туралы Бірыңғай экологиялық порталда, басқарманың ресми интернет-ресурсында, БАҚ-да және ауыл әкімдіктеріне хабарландыру үнемі берілетіндігі туралы баяндай отырып, халықты қоғамдық тыңдауларға қатысу кезінде үнемі әлеуметтік мәселелер көтерілетіндігін алға тартып, талқылауға алынатын жобаға қатысты қоршаған ортаны қорғау және экологиялық бағыттағы сұрақтарды көтеріп, ұсыныстарын айтуға шақырды.    

Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, Таушық ауылынының аумағына кіріп тұрған қиыршық тас өндіретін 14 карьерлер анықталған. Тұрғындардың шағымдары негізінде Маңғыстау облысының экология департаментімен тексеріс жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, экологиялық талаптарға сай емес жұмыс жасаған 4 карьер анықталып, айыппұл салынған. Алайда, заңға сәйкес карьерлерге қойылатын барлық талаптарды орындап отырған карьерлер де жоқ емес.

Жиналыс нәтижесінде, осы мәселе шешімін табу үшін карьерлердің жұмысы үнемі бақылауда қалатындығы жөнінде шешім қабылданды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен Маңғыстау облысында орналасқан карьерлер жұмыстарына мониторинг жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, мемлекеттік органдар жұмылдырылып жұмыс тобы құрылғандығы туралы айтылды. 

Алдағы уақытта, халыққа облыс бойынша карьерлерге қатысты іс-шаралар жоспарының орындалысы мен жұмыс тобымен атқарылған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп берілетін болады.