Маңғыстауда «Birge - Taza Qazaqstan» жалпыхалықтық тазалық акцясы аясында 250-тоннадан астам қоқыс шығарылды

Маңғыстауда «Birge - Taza Qazaqstan» жалпыхалықтық тазалық акцясы аясында 250-тоннадан астам қоқыс шығарылды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бастау алып, республикалық деңгейге ұласқан акцияның мақсаты – қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына жұртшылықтың назарын аудару болып табылады.

Ақтау қаласы бойынша "Кіші Оймаша" көлінің маңына сенбілік жұмыстары жүргізілді. Оған 8 дана жүк тиегіш (самосвал), 2 дана тиегіш (погрузчик) техникалары жұмылдырылырып, 250 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.  Тазалық жұмыстарына барлығы 200 адам қатысты. Барлығы дерлік мемлекеттік қызметшілер. Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар Баянды ауылы маңындағы полигонға жіберілді. Айта кету керек, тазалық акциясына Ақтау қаласы, Қарақия, Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы және Маңғыстау аудандары қатысты.

"Экологиялық акцияның негізгі мақсаты - қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысу, сол арқылы жас жеткіншектерге үлгі көрсету болып табылады. Мемлекетік қызметшілердің белсенділікпен кіріскенін байқадық. Бірнеше ауыр техникалар жұмылдырылды. Науқан – қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысуға бағытталды. Біз бұған дейін барша тұрғындарды өздері тұрып жатқан үйлердің айналасын, теңіз жағалауын, жұмыс орындары, ғимараттардың, білім беру ұйымдары және басқа да қалаған аумақтарда экологиялық сенбілік өткізуге шақырдық", - дейді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.

Жұртшылықты қоршаған ортаға бей-жай қарамауға шақырған тазалық сақшылары көрнекі орындар мен табиғи аумақтар қоқыстан тазартты. Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұжымы да сенбілікке белсенді қатысты. Экологтар қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға күш салды.

"Біз әріптестерімізбен бірге бірнеше аумақты өзара бөліп алған соң, тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалыстық. Осылайша табиғат жанашырлары өздері тұрып жатқан өлкені көркейтуге өзіндік үлестерін қосты. Аймақ тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдап ғана қоймай, айналаны ұдайы таза ұстауға және қалдықтарды тастамауға шақырамын", - деді Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.

Сондай-ақ, Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен «Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағында» өсірілген көшеттер отырғызылды. Атап айтқанда "Green Park" тұрғын-үй маңындағы жол бойына 33 дана "Қырым қарағайы" ағаштары отырғызылды. Егілген ағаштар ботаникалық бақта ғылыми тәжірибеден өтіп, жергілікті жерді жерсінген көшеттер.

"Бүгін біз қалаға қырым қарағайы ағашын егіп жатырмыз. Біздің қалада өсімдіктің бұл түрі өте аз. Жалпы қалада ағаш егу жұмыстары ақпан айында басталды. Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағы түрлі сұрыптағы ағаштардың қай жерге егілуін, қалай отырғызу жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңестер береді. Жаз мезгілінде ботаникалық бақ осы жасыл желектерді күту алгоритмін бақылайтын болады", - деді Ақжүніс Иманбаева.

Бұған дейін қалада 1500 дана шығыс биотусы, 2500 дана айлант, шаған, Кельрейтерия сында ағаш тектес өсімдіктер егілді. Наурыз айының аяғына дейін 2200 қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады. Ал, сәуір айында үш мыңға жуық біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланып отыр.