Қаракөл көлі: табиғатпен үндестікте

Қаракөл көлі: табиғатпен үндестікте

Сулы-батпақты алқаптарды қорғау бойынша Рамсар конвенциясының жартығасырлық мерейтойына орай, Ақтауда «Қаракөл көлі» экологиялық-ағарту орталығының тұжырымдамасы жасалды. Бұл туралы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында «Қаракөл көлі» сулы-батпақты алқабын тұрақты пайдаланудың әлеуетті мүмкіндіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Іс-шара ашылуында сөз алған «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, қатысушыларды дөңгелек үстел жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

«Дөңгелек үстел тақырыбы әртүрлі тараптардың жалпылама экологиялық мәдениетті қалыптастыруына және бизнес-қауымдастықтың табиғи ресурстарға экологиялық жауапкершілікпен қарауына сәйкес келеді. Қаракөл көлі – бұл Маңғыстаудың көркі және қазынасы, біздер оны адамның және табиғаттың игілігіне  тұрақты пайдаланудың барлық мүмкіндіктерін қарауымыз керек, бірінші кезекте экологиялық туризм нысаны ретінде», – деді Рашит Тұранұлы.

Іс-шара тақырыбы бойынша Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов толығырақ баяндап берді. 

«Осы сулы-батпақты алқапта жылдың әртүрлі мезгілдерінде суда жүзетін және су маңы құстарының 175 түріне дейін кездеседі, олардың 20-дан астамы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл кіші аққу және сұңқылдақ аққу, бұйра және қызғылт бірқазандары, қоқиқаз, қарабай, аққұйрықты субүркіт, үкі және т. б. Қаракөлдің экологиялық туризм нысаны ретінде дамуы үшін және оны мекендеушілерді сенімді қорғау, оның ішінде соңғы кезде құстарды дронмен үркітуге құмар азаматтардан қорғау мақсатында, экологиялық-ағарту орталығын ашып, экологиялық соқпақтарын салып, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар үшін ыңғайлы жабдықталған бақылау мұнараларын және құстарға арналған жемделу алаңдарын орнату керек», – деді ол.

Әділбек Қозыбақов осы орталық, ақылы экскурсиялар ұйымдастырып, уақыт өте өзін өзі қаржыландыра алатынына сенімі мол екендігін жеткізді. Айта кету керек, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев Қаракөлдің жағдайын экспресс-бағалау бойынша жұмыстарына қатысып, нәтижесінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне Маңғыстау әкімдігінен Қаракөл көлін Рамсар халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптарының тізіміне номинациялау керектігі жөнінде хат жолданған.

Шараға қатысқан Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков, балық шаруашылығын дамыту жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша алдағы он жылдық жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін аймақта 100.000 тонна балық өсіру көзделген.

Оқушыларды «Қаракөл сақшылары» еріктілер экопатруль жасағы құрамында сулы-батпақты алқаптың құстарын санап, аумағын санитарлық тазарту іс-шараларына тарту бойынша жүйелі жұмысы туралы Ақтау қаласы Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің экология бойынша координаторы Бақытгүл Жақсылықова қысқаша баяндады.  

«Ecojer» республикалық ассоциациясының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңес төрағасы Қажымұрат Хайрушев Қаракөлді сақтау және тұрақты пайдалану бойынша бастамаларды жан-жақты қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындыла келе, қатысушылар бірқатар ұсыныстар жасады. Мәселен, экология министрлігіне Үстірт қорығы мен аумақтық инспекцияға «Табиғи орта» ассоциациясы Биоресурстарды қорғау бойынша қоғамдық инспекция өкілдерімен бірлесіп, жыл сайын қыркүйек айынан бастап мамыр айының аяғына дейін демалыс және мейрам күндері Қаракөл көліне рейдтерге шығып тұруды тапсыру ұсынылды. Уәкілетті органға сонымен қатар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының төлқұжатына Қаракөлдің үстінен ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (дрон, квадрокоптер) 1 шақырым биіктіктен төмен ұшыруға тыйым салынуы жөнінде талап енгізу ұсынылды.   

Облыстық білім басқармасына дарынды балараға арналған мектеп-интернаты мен «Білім-Инновация» лицейі оқушыларының, облыс көлеміндегі колледждер мен жалпы білім беру мектептер студенттері мен оқушыларының экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қаракөл көліне экологиялық танымдық экскурсиялар ұйымдастыру бойынша мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Есенов университетіне экологиялық және биологиялық мамандықтары студенттерінің, магистранттарының және докторанттарының Қаракөл көлін ғылыми-зерттеу және дала практикасы алаңы ретінде пайдалану ұсынылды. Әлеуетті демеушілерге «Қаракөл көлі» экологиялық-ағарту орталығын ашу және қызметін дамыту бойынша «Табиғи орта» ассоциациясымен ынтымақтастық орнату ұсынылды.