Рамсар конвенциясының мерейтойына орай құстар санағы өткізілді

Рамсар конвенциясының мерейтойына орай құстар санағы өткізілді
Ақтау қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі (Ақтау қ. ХББ НЗМ) мен Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің оқушылары, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) «Жасыл әлем» Ақтау клубы мен «Маңғыстау табиғаты» ҚБ «Қаракөл сақшылары» еріктілер экопатруль жасағының мүшелері Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарының бірі Қаракөл көлінде 55-ші International Waterbird Census (IWC) Халықаралық суда жүзетін және су маңайы құстарының қысқы санағына қатысты. Қазақстанда осы санақты жылда ҚБСА ұйымдастырады.
 
Жас «бёдвочерлермен» (құстарды бақылаушы) бірге облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясы мен «Ecojer» Қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығы Өңірлік кеңесінің өкілдері атсалысты.
Іс-шараны ұйымдастырушы Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы (ОА-РӨБ) үйлестіру комитетінің мүшесі, «Қаракөл сақшылары» еріктілер экопатруль жасағының жетекшісі Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, биылғы жылы осы акция Ең алдымен суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияның (Рамсар конвенциясы) 50-жылдығы қарсаңында өтіп жатыр.
«Қаракөл көлінде жылдың әртүрлі мезгілдерінде суда жүзетін және су маңайы құстарының 175-ке дейін түрі мекендейді, олардың ішінде 20-дан астамы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олар сұңқылдақ аққу мен кіші аққу, бұйра және қызғылт бірқазан, сары, мысыр және кіші аққұтан, қоқиқаз, жалбағай, қарабай, ақбас үйрек, аққұйрықты субүркіт және т. б.», – деді Ә.Қозыбақов.
Сонымен қатар, ол «Қаракөл сақшылары» еріктілерінің қазіргі таңда қандай мәселелерді шешу үшін жұмыстанып жүргендеріне тоқталды.
«Сулы-батпақты алқабын санитарлық тазартудан, құстар санағын өткізуден және халыққа түсіндіру жұмыстарынан басқа біздер бақылау мұнараларын орнатып және экологиялық соқпақтар салып, «Қаракөл көлі» экологиялық-ағарту орталығының тұжырымдамасын жасауға бастамашылық білдірудеміз. Қаракөл көлін экологиялық туризм нысаны ретінде тұрақты пайдаланбағандықтан, Үстірт қорығының инспекторларына көл жағалуының өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен ластануын, балық пен құстың браконьерлік аулануын алдын алу қиынға түсіп тұр. Ұйымдасқан туризм, оның ішінде оқушылар мен студенттердің Қаракөлге оқу және зерттеу мақсаттарымен келіп тұруы, «жабайы» туристер мен браконьерлерді үркітетіні анық», – деді ОА-РӨБ үйлестіру комитетінің мүшесі.
Сонымен, Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының бөлігі Қаракөл көлінде жүргізілген 55-ші IWC санағы осындай нәтиже берді: сыбырлақ аққу – 5500 дарақ, айдарлы қара ала үйрек – 3500, қасқалдақ – 2000, түрі белгісіз үйректер – 4000, боз шағала – 200, өгіз шағала – 18 дарақ.
Ақтау қ. ХББ НЗМ химия пәні мұғалімі, ҚБСА «Жасыл әлем» Ақтау клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова бұл жолы Қаракөлде бірде бір қоқиқаз кездеспегенін өкінішпен жеткізді. Оның пікірінше, соңғы кезде қоқиқаздарды ұшқышсыз ұшатын аппаратпен түсіру жиілеп кеткеніне байланысты, сезімтал құстар квадрокоптершілер оларды тез тауып алатын жерлерден аулақ жүруге мәжбүр болды.
«Қаракөл көлі – Ақтау қаласы мен маңындағы елді мекендер үшін жылу және электрқуат беріп, теңіз суын тұщытып отырған "МАЭК-Казатомөнеркәсіп" ЖШС өндірістің табиғатқа оң әсер тигізудің бірегей үлгісі болып отыр. Құстардың қысқы санақтарына біздер 2016 жылдан бері жыл сайын қатысып жүрміз. Бұны өскелең ұрпақ үшін кәсіби бағдар ретінде де қарастыруға болады, себебі өңірімізде орнитологтар, зоологтар және жалпы биолог мамандары тапшы», – деді Б.Жақсылықова.
Жас «Қаракөл сақшылары» қыстың әдеттегідей емес жылы және ашық күні Қаракөлдің құстарын санау олар үшін оң әсерін тигізгендігін айтты. Сулы-батпақты алқапты сақтап қалу және Қаракөл көлінің құстарына қолайлы жағдай жасау олар үшін оңай емес болса да абыройлы миссия екендігін жеткізіп, туған жердің табиғаты үшін мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді.
Мерекелік көңіл-күйді келесі көрініс бұзды: көлдің шығыс жағасында су айдынынан жарты шақырым қашықтықта орналасқан заңсыз өндіріс және тұрмыс қалдықтарынан пластик бөтелкелер мен полиэтилен пакеттері жан-жаққа ұшып жатты.