Дәрігер деген – ең ұлы әрі қастерлі мамандық

Дәрігер деген – ең ұлы әрі қастерлі мамандық
Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейтіні белгілі. Жалпы дәрігер болғысы келетін жандар көп екендігі айтпасада түсінікті, алайда екінің бірі дәрігер бола алмайды. Тек адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, жиіркенбейтін, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар ғана осы салада жұмыс жасай алады.
 
Жалпы медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді, соның бірі - стоматология. Осы саланың суығына тоңып, ыстығына күйген ақ халатты абзал жандар жетерлік. Солардың бірі - Баян Қосбармақова. Ол 1982-1987 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медицина институтында білім алған. Еңбек жолын сол 1987 жылы интерн тіс дәрігері болып бастаған. Қазірде өзінің мамандығы бойынша жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Әр жылдары Форт-Шевченко қаласында, "Менеджмент" ЖШС, "Ча-Кур" медициналық клиникасында еңбек етті. Бүгінде Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығында білікті тіс дәрігері. Ол дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Бойында осы мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен өзіне деген сенім болған. Жалпы дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Шприц, ақ халат, емхана, медициналық эмблема, науқастар күнделікті оның көз алдында.
Баян Құсайынқызы туралы әріптестері де оның жүзі жылы, өзіне жүктелген жұмысына ұқыпты, қолдары жұмсақ, кез-келген науқаспен тез тіл табыса білетін қабілеті жоғары екендігін айтады. Жалпы кез-келген мамандықтың өзіндік ауыртпалығы болатынын, әрбір дәрігердің мойнына үлкен жүк артылғанын Баян Қосбармақова жақсы түсінеді және ол ең бастысы адал қызмет етіп, адамдардың аман-саулығы жолында жемісті еңбек ете беруін жалғастыра бермек. Дана халқымыз «Мейірімділік – жүректен» деп бекер айтпаған, сол себепті әрдайым дәрігер мен науқастың арасында бір-біріне деген мейірімділік болса кез-келген аурудың бетін қайыру қиын емес!
Баян Қосбармақова тіс дәрігеріне жиі қаралып тұрған артық етпейтінін айтады. Жалпы тіс дегенде салғырттық танытуға болмайды. Әр адам әрдайым өзіне сенімді жүретіні белгілі, тіс сау болса да, кем дегенде жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып, профилактикаға көбірек мән берген абзал. Себебі ауру айтып келмейді. Айтпақшы, Баян Қосбармақова осы айдың 9 жұлдызында (09.10.1965ж.) 56 жасқа толды. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының және облыстық стоматологиялық орталығының атынан Баян Құсайынқызын өткен туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Мықты денсаулық, күш-қуат, нағыз әйел бақытын, әрдайым абырой биігінен көріне беруіне тілектеспіз.