"SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының үздіктері марапатталды

"SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының үздіктері марапатталды
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысымен 10 қазан «Қазақстан кәсіподақтары күні» болып бекітілген.
 
Осыған орай үстіміздегі жылдың 5 қазан күні Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында кәсіподақтар күнін және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, еңбек ұжымдары, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік серіктестер, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағалары қатысты.
Салтанатты шара кезінде "SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мырзақұлов жеке өзінің және республикалық "SENIM" кәсіподағының төрағасы Сапарбек Дүйсеновтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, медицина саласы қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсарту бойынша мәселелерді шешудегі кәсіподақтардың жоғары рөлін атап өтіп, кәсіби мерекемен құттықтады.
Содан соң "SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының - "Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы - 2021" республикалық байқауының «Мәдени — бұқаралық, спорттық және дене шынықтыру — сауықтыру іс-шараларын өткізу бойынша ең белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымы» номинациясының жүлдегері деп танылған "Бейнеу орталық аудандық ауруханасы" бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, дәрігер-хирург Сүлейменов Нұрболат Дәрібекұлына 500-мың теңге номиналындағы ақшалай сертификат табыстады. Сондай-ақ, Маңғыстау аудандық ауруханасының меңгерушісі Даулетов Теңдік Баушеұлын және Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының ерлер бөлімінің аға медбикесі Серікбаева Асыл Шорайқызын "SENIM" денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісімен марапаттады.