Маңғыстауда халықаралық Олимпиада күні 63 сәби дүниеге келді

Маңғыстауда халықаралық Олимпиада күні 63 сәби дүниеге келді
23 маусым - халықаралық олимпиада күні болып табылады. Осыған орай бұл күні дүниеге келген сәбилерге құрмет көрсету Ұлттық Олимпиадалық комитетінің дәстүріне айналған. Халықаралық Олимпиада күнінде туылған балақайлар арнайы сертификат пен естелік сыйлықтар, құттықтау хатына ие болды. Бір жарым мыңға жуық сәлемдеме алдын-ала оралып, еліміздің 237 перзентханасына жіберілді. Оның ішінде біздің өңірде бар.
 
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл акцияға белсенді қатысты. Перинаталдық орталықтардың дәрігерлерінің арқасында танымал қазақстандық спортшылар аналарды маңызды күнмен видеоқоңырау арқылы құттықтады. Өмірге сәби әкелген әрбір ананың ұл-қыздарына өмірің жеңісті болсын атты «Олимпиада күні туған» сертификаты табысталды. Соның бірі Ақтау қаласының тұрғыны, екінші сәбиін 10 жыл күткен Бибінұр Ембергенова.
«Балам халықаралық олимпиада күні дүниеге келді. Бұл дәрігерлердің көмегімен мүмкін болып отыр. Сол үшін алғысым шексіз. Ұлым танымал спортшылар сияқты еліміздің көк туын биіктерден желбіретер деген сенімдемін. Менің тұңғышым 2011 жылы дүниеге келген болатын. Араға туыа 10 жыл салып екінші балам өмірге келді. Есімін Әділет деп қойдық», - дейді ол.
Айта кету керек, халықаралық Олимпиада күніне Маңғыстау облысы бойынша барлығы 63 сәби өмір есігін ашты. Оның 32 ер, 31 қыз балалар. Мәселен облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында 7 ер, 11 қыз бала туған. Ал Ақтау қалалық перинаталдық орталығында 23 сәби өмірге келді, оның 13 ер бала болса, 10 қыз балалар. Қалған 22 балақайлар аудандарда туылды.
 
«Біздің орталықта 23 маусым күні 23 сәби дүниеге келді. Осы күні дүниеге келген нәрестелерге мыты денсаулық тілейміз. Олардың ата-аналары дән риза. Есімдері төрткүл дүниеге танылған бейбіт заманның батырлары, даңқты спортшылар бейнеқоңырау шалып өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді. Осы шараның ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Өмірге келген ұлдарымыз және қыздарымыз болашақта бойларында асыл қасиеті бар дарынды тұлғалар болып өсуіне тілектеспіз. Спорт, ғылым, жалпы алғанда өнері үстем болып биік белестерді бағындыра берсін деген тілегіміз бар», - дейді Ақтау қалалық перинаталдық орталығының дәрігер-неонатологы Гүлнар Кәрімова.
 
Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті бүкіл маусым айын «Біз біргеміз» халықаралық олимпиадалық қозғалысының жаңа ұранымен қазақстандықтардың қозғалыстан ләззат алуы, олимпиадалық қағидаларды зерттеуі және әр түрлі спорт түрлерімен танысуы үшін олимпиадалық құндылықтарға арнап отыр. Олимпиадалық қозғалыстың басты міндеттерінің бірі - жас ұрпақты спортқа және салауатты өмір салтына баулу. Сондықтан балалар - бұл мерекенің басты және негізгі кейіпкерлері. Айта кету керек, жыл басынан бері Маңғыстау облысы бойынша 10 614 бала дүниеге келген.