Маңғыстау облысы Қан орталығының ғимаратында «Сенім» медициналық клиникасының коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды!

Маңғыстау облысы Қан орталығының  ғимаратында «Сенім» медициналық клиникасының коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды!
«Сенім» медициналық клиникасының эпидемиолог аудит-дәрігері Жансая Алтынбектің айтуынша, кез-келген тұрғын келіп коронавсируқа қарсы вакцина алуына болады. Келушілер вакцина алмай тұрып дәрігер қан қысымын мұқият тесеріп шығады. Онкологиялық, созылмалы ауруы бар немесе басқа да диспансерлік есепте тұрса, өзін жайсыз сезінсе, 18 жасқа толмағандар болса екпе жасалмайды.
"Бұған дейін клиниканың медициналық қызметшілері арнайы оқытылған. Егу пункті 6 сәуір күні түстен кейін сағат 15:00-де өз жұмысын бастады. Сол күні егілгендер саны 10 адам. Бүгіннің өзінде түске дейін 5 адам егілді. Жұмыс уақыты күнделікті сағат таңертеңгі 09:00-да басталады, сағат 13:00-14:00 аралығында түскі ас, содан кейін кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Егу кабинетінде дәрігер, оның көмекшілері және эпидемиолог маман бар", - дейді ол.
 
«Сенім» медициналық клиникасының дәрігер-терапевті Бақыт Нариманқызының айтуынша, халықты коронавирус инфекциясынан құтқаратын бір ғана жолы бар, ол – екпе алу. Ал, "Covid-19"-ға қарсы екпе алу үшін жеке куәлік қажет. Содан соң екпе алдында сауалнама жүргізіледі және вакцинациялау жүргізу тәртібі туралы жадынама беріледі. Дәрігер медициналық қарап-тексеру жүргізген соң, егу процесі жүргізіледі. Вакцинациядан кейін 30 минут медициналық қызметкердің, содан кейін 3 күн учаскелік дәрігердің бақылауында болады. "Covid-19"-ға қарсы вакцинация ерікті түрде жүргізіледі және ол үшін заңнамалық жауапкершілік көзделмеген.
«Науқас келгенде алдымен жеке куәлігін сұраймыз, денсаулығына шағымы бар немесе жоғын білеміз, бұған дейін қандай аурулармен ауырғандығын нақтылап аламыз. Дәрі-дәрмекке аллергиясы бар ма, соған назар аударылады. Созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұратыны немесе тұрмайтындығы тексеріледі. Қан қысымы мен сатурациясын өлшеген соң, жүрегі мен өкпесін тыңдаймыз. Сауалнаманы толтырып болған соң егу кабинетіне барып, вакцина салдырады. Жарты сағат күтеміз, өзін жайсыз сезінбесе және шағымы болмаса үйіне жіберіледі. Тағы бір айта кететіні, жүктілікті алдын-ала жоспарлау қажет. Вакцина алған соң 42 күнге дейін бала көтеруге тыйым салынған. Сол себепті сақтану қажет. Спирттік ішімдік ішуге де болмайтыны туралы ескертеміз», - дейді ол.
Еске сала кетейік, вакцина салдыру екі компоненттен тұрады. Біріншісін алған соң 21 күн күту керек, содан кейін барып екінші компонент алуға рұқсат етіледі.