Перинаталдық орталықта ғылыми-тәжіриберлік конференция өтті

Перинаталдық орталықта ғылыми-тәжіриберлік конференция өтті
Ақтау және Жаңаөзен қалалары, сондай-ақ өңірдің бес ауданынан келген 60-қа жуық акушер-гинеколог мамандар қатысқан конференцияны облыстық "Ана мен бала" орталығының директоры Жапырақ Епенова ашты. Оның айтуынша жасанды ұрықтандыру тәсілі соңғы жылдары өзекті тақырыпқа айналған. Ал осындай конференциялар өзара тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.
 
Маңғыстау облысы "Ана мен бала" орталығы базасында өтіп жатқан конференцияда сөз алған жоғары санатты дәрігер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты, "Астана" медициналық университеті акушерлік және гинекология кафедрасының доценті, "Ecomed" клиникасының даму жөніндегі стратегиялық директоры Жанерке Ажетова, елімізде әрбір алтыншы ата-ана бала сүю бақытына зәру екендігін тілге тиек етті.
Бұрын бедеулік дерті әйел адамдарда көп тіркелсе, қазір ер азаматтар да белсіздік белең алған. Дегенмен дерттің дауасы жоқ дегендер қателеседі, емдеу жолдары бар. Жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануға соңғы он жылда мемлекет квота бөле бастаған. Бұл ретте «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы айта кету керек.
Қазақстанда отау құрғандардың 15 пайыздан астамы бала сүйе алмай жүр. Олардың қатарында Маңғыстау облысынан да аз емес. Мамандар мұның себебін, инфекциялық қабыну, дұрыс тамақтанбау, гармональды өзгеріс және экологиямен байланыстырады.
Осы мәселелерді ескерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Енді жылына 7000 отбасының сәбилі болуына мүмкіндік бар. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тек квота мәселесі емес, бала сүйе алмай жүргендердің де нақты санын шығарып, қажетті көмек беру жағы шешіледі деп күтілуде.
Офлайн және онлайн форматта өткен конференция кезінде мамандар көкейдегі мазалап жүрген сұрақтарға бірлесіп жауап іздеді.