Маңғыстауда талшықты-оптикалық дәнекерлеу бойынша алғашқы чемпионат өтті

Маңғыстауда талшықты-оптикалық дәнекерлеу бойынша алғашқы чемпионат өтті

Маңғыстауда талшықты-оптикалық дәнекерлеу бойынша алғашқы чемпионат өтті

Бүгін, 24 мамыр күні, Маңғыстау облыстық цифрлық технологиялар басқармасының ұйымдастыруымен талшықты-оптикалық кабельдерді дәнекерлеу бойынша алғашқы чемпионат өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникациялар орталығы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Осыған байланысты аталған байқауды дәстүрлі түрде өткізуді қолдау жоспарланып отыр. Чемпионат Есенов университетінің Технопарк алаңында өтті. Чемпионаттың мақсаты — сала мамандары арасында кәсіби әріптестік байланыстарды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, командалық рухты арттыру, сондай-ақ жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізу арқылы студенттерге кәсіби дамуға мүмкіндік беру. Іс-шараға арнайы қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Урисбаев чемпионат жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті.

— Мұндай ауқымды жарыстар өңірімізде алғаш рет өткізілуде. Іс-шара байланыс және телекоммуникация саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылды. Оптикалық талшықтарды дәнекерлеу — арнайы жабдықты қажет ететін күрделі үдеріс. Осы чемпионат аясында студенттер саладағы жетекші мамандармен, сарапшылармен тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Алдағы уақытта біз студенттердің бұл мамандыққа қызығушылығын арттырып, олардың біліктілігін халықаралық деңгейде жетілдіруді жоспарлап отырмыз, — деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Урисбаев.

Чемпионатқа «Транстелеком» АҚ, «Қазахтелеком» АҚ, «Jusan Mobile» АҚ, «Кселл» АҚ, «Кар-Тел», «X-COM», «Бикада», «Freedom telecom» және «Спецавтоматика сервис» компанияларының қызметкерлері қатысты.

Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды «Транстелеком» компаниясы, 2-орынды — «Қазахтелеком», 3-орынды — «Спецавтоматика Сервис» пен «Jusan Mobile» компаниялары иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионат жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастарды техникалық бағыттарға тартуға және кәсіби шеберлікті жетілдіруге ықпал етеді.