СЫҢҒЫРЛАУ АУЫЛЫНА 40 ЖЫЛ

СЫҢҒЫРЛАУ АУЫЛЫНА 40 ЖЫЛ

Бейнеу ауданының орталығынан 27 шақырым жерде орналасқан Сыңғырлау ауылының құрылғанына биыл 40 жыл. 1984 жылы Сыңғырлау кеңшарының ұйымдастырылуына байланысты бой көтерген ауыл бүгінгі күні Бейнеу ауданындағы құтты қонысқа айналған.  Қазіргі таңда ауылда 320 орындық мектеп, 50 орындық балабақша, ауылдық клубы, мешіт және басқа да әлеуметтік нысандар халыққа қызмет көрсетіп тұр.

Ауылдың 40 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып, бірқатар мәдени, спорттық шаралар өтті. 23 тамыз күні Ақылбек Жеменей, Бауыржан Ретбаев, Тұрғанбай Жайлаубаев, Сұңғат Баймұратұлы сынды қазақ эстрада әншілерінің және «Алтыбақан» этнографиялық фольклорлық ән-би ансамблінің концерті өтті. Мерекелік кеште Бейнеу ауданының әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы құттықтау сөзін сөйлеп, Сыңғырлау ауылының өткен тарихы мен бүгінгі келбетіне тоқталды.

«Талай саңлақ тұлғалар мен еңбек адамдарының қастерлі мекеніне айналған Сыңғырлау ауылының 40 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Сыңғырлау ауылын тұрғындарының мызғымас татулығы мен еңбекқорлығы ерекшелеп тұрады. Ауылға қатысты елдік істерде халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте атқарып жүреді. Бұл ұядай мекен жапырағы жайылға, өнегелі отбасылардың мекеніне айналды десек, артық болмас. Ауылымыздың бірлігі мен ынтымағы әрдайым баянды болсын», – деді аудан әкімі. Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және Сыңғырлау ауылының мерейтойының өтуіне ықпал еткен бірқатар тұлғаларға аудан әкімінің алғыс хатын табысты. Кеште Сыңғырлау ауылының перзенті, республикаға танымал ақын Рахат Қосбармақ «Сыңғырлау» атты туған жеріне арнау жырын оқыды. Гала концерт мерекелік отшашумен аяқталды.

24 тамыз күні ұлттық спорт түрлерінен бірнеше жарыс өтті. 30 шақырым қашықтыққа аламан бәйге ұйымдастырылып, мәреге алғаш болып шабандоз Латипов Нығмет жетіп, 1 000 000 теңге жүлдені иеленді. 6 шақырымдық тай бәйге және 3 шақырымдық топтарқатар ұйымдастырылып, жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталды. Қазақша күрес, арқан тартыс, қой көтеру, гір тасын көтеруден де жарыстар өтіп, жүлделер бағалы сыйлықтарға ие болды. Спорттық шаралардан кейін «Бейнеумәдениет» үйі мен Сыңғырлау ауылдық клубы өнерпаздарының мерекеге арналған шарасы болды. Мәдени-спорттық шаралардан кейін мерекелік ас ұсынылды.

Екі күнге созылған мерейтой жоғары деңгейде өтті. Мереке барысындағы іс-шараларға 3 мыңнан астам көрермен жиналды.