Әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?

Әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?

Әлеуметтік желілерде және жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік көмекке өтініш берген барлық азаматтарға төлем автоматты түрде тағайындалады деген шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түрде түсіндіреді.

Әлеуметтік көмек – бұл мемлекеттің атаулы қолдау шарасы. Ол тек белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі. Яғни, кез келген өтініш автоматты түрде қанағаттандырылмайды.

Көмек қолданыстағы заңнамаға және мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес тағайындалады. Азаматтың белгіленген талаптарға сәйкестігі міндетті түрде құжат жүзінде расталуы қажет.

eGov порталы арқылы өтініш беру – әлеуметтік көмекке жүгінудің бір ғана тәсілі. Алайда бұл өтініштің автоматты түрде мақұлданатынын білдірмейді. Барлық өтініштер жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралады.

Көмек алушылар санаты, көрсету шарттары және қажетті құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Әлеуметтік көмек мынадай негіздер болған жағдайда қарастырылады:
– дүлей апат немесе өрт салдарынан азаматқа не оның мүлкіне зиян келуі;
– әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
– жан басына шаққандағы орташа табыс белгіленген шектен аспауы;
– жетімдік немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалу;
– жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
– бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу немесе пробация есебінде болу.

Егер дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлікке залал келсе, көмек мүлік орналасқан жер бойынша, меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі