18 мамыр – Халықаралық музей күні

18 мамыр – Халықаралық музей күні

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Халықаралық музей күнімен құттықтады. Министр Facebook-тегі ресми парақшасында музей халықтың бай тарихи-мәдени және археологиялық мұрасын сақтап, жеткізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Қазақстан музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында «Алтын адам», «Тақсай ханшайымы» секілді бірегей тарихи артефактілермен қатар, Страдивари мен Гварнеридің сирек музыкалық аспаптары сынды жауһар дүниелер бар.
Мемлекет басшысының айрықша қолдауы мен қамқорлығының нәтижесінде биыл еліміздің екі жетекші музейіне – Орталық мемлекеттік музей мен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл – аталмыш мекемелердің еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен ілгерілету ісіндегі өлшеусіз еңбегін айғақтайтын маңызды қадам»,– деп атап өтті Аида Балаева.

Министр сондай-ақ музейлер – тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар зерттеу, ағарту және қалпына келтіру жұмыстарын қатар жүргізетін, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір қызметін атқаратын маңызды орталықтар екенін айтты. Өткен жылы Қазақстан музейлерін 6,6 миллионнан астам адам аралаған.

«Биыл елімізде Қытай мен Германия музейлерімен бірлескен халықаралық бастамалар, әйгілі Третьяков галереясында өтетін отандық өнер туындыларының көрмесі секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.
Осы орайда, музей саласында қажырлы еңбек етіп жүрген барша мамандарға – ерен еңбектеріңіз, жанашырлықтарыңыз, шығармашылық ізденістеріңіз бен мамандыққа деген адалдығыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Құрметті достар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Әрбір музейге сапарыңыз тың таным мен ерекше әсерге толы болғай!», – деді министр.

Музей ісінің дамуы жөнінде Аида Балаева Tengrinews  порталына сұхбатында кеңірек тоқталды.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі