Қазақстанда «Музей түні» атты дәстүрлі акция басталады

Қазақстанда «Музей түні» атты дәстүрлі акция басталады

Жыл сайын 18 мамыр күні әлем бойынша Халықаралық музей күні атап өтіледі. Бұл — мәдени мұраны сақтау және қоғамдық диалогты дамытуда музейлердің рөлін айқындайтын маңызды іс-шара.

Бұл күні музей есігі көпшілікке ашық болады және арнайы бағдарламалар ұсынады. Көрмелер, авторлық экскурсиялар, концерттер, шеберлік сабақтары мен интерактивті іс-шаралар музей қонақтарына елдің тарихы мен мәдениетіне терең үңілуге мүмкіндік береді.

ҚР Ұлттық музейінде шолу экскурсиялар, квест-сабақ пен шеберлік сабақтары өтеді. Музей түнінде Алтын адамға және басқа да экспонаттарға жан бітіп, қонақтар өткен заманға сапар шегеді.

Көрерменге концерттік бағдарлама да ұсынылады. Онда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі және симфониялық оркестрлері мен «Joshy Qazaq Ethno Group» музыкалық ұжымы өнер көрсетеді.

Іс-шара шеңберінде қолөнершілер жәрмеңкесі, жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары, «Жан біткен жәдігерлер» атты квест өткізіледі. Кеш соңында «Дала әуендері» этно-DJ-сет ұйымдастырылады. Бұл бағдарламада ескі қазақ әуендері заманауи ырғақпен үйлесіп, кешке ерекше әсер сыйлайды.

Орталық мемлекеттік музей Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың шығармашылығына арналған көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырады.

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының батырлары Мәншүк Мәметова мен Боран Нысанбаев мемориалдық музейлерінің қатысуымен «Музейлер шеруі» өтеді. Кештің ең көрнекті экспозициясы — «Жауһар жәдігерлер» атты көрме болмақ. Онда бұған дейін жұртшылық назарына ұсынылмаған сирек жәдігерлер көрсетіледі.

Кеште Мемлекеттік бірегей ішекті музыкалық аспаптар қорындағы сирек аспаптарда орындалатын классикалық музыкалық концерт ұйымдастырылады. Сонымен қатар, реставрация бойынша шеберлік сабақтары, ғылыми интерактивтер, музей квестері, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойындар мен викториналар өтеді.

Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қонақтарға музыкалық және би қойылымдарын, авторлық экскурсиялар, дәрістер және басқа да қызықты іс-шаралар ұсынады.

Музейде «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесі  және «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» каталогының тұсаукесері өтеді. Балалар мен жасөспірімдер үшін «Өнер агенті: кескіндер патшалығындағы құпия хабар» атты танымдық әрі интерактивті квест-ойын ұйымдастырылады.

Биылғы іс-шара Өнер музейінің 90 жылдығы аясында өтеді. Сонымен қатар отандық танымал өнертанушылар мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерімен еркін форматтағы экскурсия-сұхбат жоспарланған.

Кеш соңында классикалық музыка, хореографиялық нөмірлер мен қойылымдар көрсетіледі.

«Музей түні – 2025» акциясы аясында тақырыптық іс-шаралар Қазақстанның музей-қорықтарында да өтеді.

Осы күні елдегі барлық музейлерге кіру тегін болады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі