Астанада Халықаралық еріктілер жылын өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті

Астанада Халықаралық еріктілер жылын өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті

2025 жылғы 12 мамыр күні Астанада 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялауға қатысты дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті. Аталған жыл Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен жарияланған болатын.

Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Ұлттық ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен қатысушылар Қазақстанда және тұтастай алғанда Орталық Азияда волонтерлер қозғалысын дамытуға, азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалар мен алдағы іс-шараларды талқылады. Спикерлер сондай-ақ Еріктілер жылына дайындық барысы туралы баяндап, жаңа жобалар жөнінде ой бөлісті.

БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов Қазақстан тарапына Халықаралық еріктілер жылын ұйымдастыруға белсенді кіріскені үшін ризашылығын білдірді. Ол Қазақстанның бұл бағытта жұмысын алғашқылардың бірі болып бастап кеткенін, ұйымдастыру комитеті құрылған алғашқы ел екенін ерекше атап өтті.

– Ұлттық ұйымдастыру комитетінің басты міндеті – Халықаралық еріктілер жылы аясындағы іс-шараларды сапалы ұйымдастыру мен үйлестіру. Бұл жыл – тек бұрыннан волонтерлікпен айналысып жүрген азаматтарды дәріптейтін кезең ғана емес, сонымен қатар жаңа адамдарды тартуға, өз орнын іздеп жүрген жандарды жігерлендіруге және олармен бірге адамгершілігі жоғары, жауапты әрі берік қоғам құруға мүмкіндік беретін тарихи сәт, – деп атап өтті Аида Балаева.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі