2025 жылғы 12 мамыр күні Астанада Халықаралық еріктілер жылына дайындық және өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын.
Аталған жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында министр Аида Балаева еліміздегі волонтерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен отандастарымыздың жетістіктері жөнінде баяндады.
– Қазақстандықтар әлемнің түкпір-түкпірінде еріктілік жобаларға, соның ішінде БҰҰ, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың бастамаларына белсенді атсалысып келеді. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен 2020–2023 жылдар аралығында тоғыз отандасымыз БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында волонтер ретінде қызмет атқарды. 2024 жылы жеті қазақстандық волонтер БҰҰ-ның Кения, Таиланд және Түркиядағы агенттіктеріне жіберілді, – деді Аида Балаева.
Ұлттық ұйымдастыру комитетінің отырысында волонтерлер қозғалысын дамытуға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды бастамалар мен алдағы іс-шаралар талқыланды. Спикерлер сонымен қатар Еріктілер жылына дайындық барысы туралы айтып, жаңа жобаларға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов Қазақстан тарапына халықаралық еріктілер жылын ұйымдастыруға белсенді кіріскені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің бұл бастамадағы көшбасшылығын ерекше атап өтті.
– Сіздердің бұл саладағы белсенді қызметтеріңіз еліміздегі волонтерлік мәдениетінің дамуына тың серпін беріп қана қоймай, Қазақстанды азаматтық бастамалар саласындағы маңызды халықаралық серіктес ретінде таныта білді. Бүгін Қазақстан – БҰҰ еріктілер бағдарламасына қатысушы ел ретінде өз позициясын нықтап, келешекте басқа мемлекеттермен жұмыс барысында біз Қазақстанның оң тәжірибесін үлгі ретінде келтіретін боламыз, – деді Тойлы Құрбанов.
Отырыста тағы бір маңызды жаңалық – Алматы қаласында БҰҰ Еріктілер қозғалысының Орталық Азиядағы субөңірлік кеңсесі ашылатыны жария етілді.
– Біздің ортақ міндетіміз – мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары бірлесіп, волонтерлікке қолдау көрсетудің орнықты жүйесін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс барлық тараптың үйлесімді ынтымақтастығына негізделуі тиіс, – деп қорытындылады Аида Балаева.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі