«Астана Балет» театры дәстүрлі гастрольдік сапармен Алматы қаласында өнер көрсетуде. 10-18 мамыр аралығында ұжым Almaty Theatre сахнасында классикалық балет, халық билері, заманауи хореография мен симфониялық музыканы біріктіретін мазмұнды әрі көп жанрлы бағдарлама ұсынады.
Гастрольдік бағдарлама 10-11 мамыр күндері Blind Forgiveness рок-балетімен ашылды. Бұл – театр репертуарындағы ерекше әрі жаңашыл қойылым. Қоюшы-балетмейстер Кирилл Радев туындыда неоклассикалық пластиканы заманауи би мен театрлық монологпен шебер үйлестіре отырып, адам бойындағы күрделі сезімдер мен ішкі тартыстар туралы терең ой қозғайды.
13 мамырда көрермен қауымға еліміздің симфониялық оркестрі мен әлемге әйгілі скрипкашы Ержан Құлыбаевтың орындауындағы ерекше концерт ұсынылады. Бағдарламада Антонио Вивальдидің атақты «Жыл мезгілдері» және аргентиналық маэстро Астор Пьяццолланың осы шығарманың танго стиліндегі интерпретациясы орындалады.
15-16 мамыр күндері сахна төрінде көрнекті хореограф Юрий Григоровичтің қоюымен сахналанған әйгілі «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетіледі. Назым Хикметтің философиялық пьесасы негізінде жазылған бұл спектакль — ғажайып сезім мен терең парасатты ұштастырған, балет өнерінің жаңа белесін айшықтаған туынды. Музыкасын Ариф Меликов жазса, сахналық безендіруін Симон Вирсаладзе жасаған.
18 мамырда гастрольдік бағдарлама Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментімен қорытындыланады. Бұл қойылым – этнографиялық мазмұн мен заманауи хореографияны ұштастыра отырып, қазақ биінің қайталанбас өрнегі мен ұлттық рухын сақтаған хореографиялық миниатюралар топтамасы. Қазақ және түркі халықтарының мәдениеті мен би мұрасы негізінде қойылған бұл туынды отандық хореография мектебінің биік деңгейін, ұлттық өнердің көркемдік әлеуетін паш етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі