Астанада өңірлік әкімдіктерге арналған креативті индустрияларды дамыту бойынша оқыту бағдарламасы басталды

Астанада өңірлік әкімдіктерге арналған креативті индустрияларды дамыту бойынша оқыту бағдарламасы басталды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Креативті Қазақстан: өңірлердегі креативті индустрияларды дамыту» атты оқыту бағдарламасының ашылу рәсімі өтті. Бағдарлама ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Мемлекеттік басқару академиясының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатында қатысушыларға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов және Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов құттықтау сөз арнады.

Үш күндік оқыту бағдарламасына еліміздің 20 өңірінен креативті индустрияларды дамытуға жауапты басқарма басшылары қатысуда. Бағдарламаның мақсаты — заңнамалық өзгерістер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылау, тәжірибе алмасу, креативті индустрияларды басқарудағы халықаралық тәжірибемен танысу және өңірлік деңгейде орнықты креативті экожүйені қалыптастыруға арналған бастамаларды әзірлеу.

Оқыту аясында стратегиялық сессиялар, жобалық жұмыстар, практикалық тренингтер және жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасу ұйымдастырылады. Қатысушылар креативті хабтарды дамытудың заманауи тәсілдерін, импакт-инвестиялау механизмдерін, сондай-ақ креативті индустриялардың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлін зерделеп, өңірлік деңгейдегі мемлекеттік қолдау шараларына қатысты ұсыныстар әзірлейді.

Бұл бағдарлама — Қазақстандағы БҰҰДБ-ның Акселераторлық зертханасы аясында креативті индустрияларды дамыту арқылы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.

Оқыту 2025 жылғы 14 мамырға дейін жалғасады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі