Қазақстанда Аналар күні аталып өтуде

Қазақстанда Аналар күні аталып өтуде

Бүгін, 11 мамырда, Қазақстанда Аналар күні аталып өтуде. Бұл мереке 2023 жылы ресми түрде бекітіліп, жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады.

Аналар күні – аналықтың қадір-қасиетін дәріптейтін, аналарға деген сүйіспеншілік пен алғыс сезімін білдіруге арналған маңызды мереке. Бұл күн әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтеді.

Аталған мерекені өткізу – ананың қоғамдағы мәртебесін арттыруға, аналық құндылықтардың маңызын насихаттауға, қазіргі Қазақстан қоғамындағы аналардың рөлін айқындауға, сондай-ақ қазақ халқының тарихындағы аналар бейнесін ұлықтауға бағытталған.

Мерекенің маңызын арттыру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева #Анағақұрмет атты челлендж бастамасын ұсынды. Оның аясында әлеуметтік желі қолданушылары өз аналары жайлы естеліктерімен бөлісіп, ең қымбат жанға деген ілтипатын білдіруде.

Биылғы жылы мереке AnaFest атты кең көлемді отбасылық фестивальмен аталып өтті. Шара аясында ата-аналар мен балаларға арналған тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, отбасылық қарым-қатынас мәселелері бойынша мамандар кеңес берді. Балалар арасында «Ананың алақаны» атты фотосурет байқауы мен көрмесі де ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірінде өткізілді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі