Орал қаласында мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі мен маңызына арналған жиын өтті.
Іс-шараға облыс әкімдігінің қызметкерлері, Ұлттық құрылтай мүшелері, Геральдикалық зерттеулер орталығының өкілдері, ЖОО мен мектеп оқытушылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Жиын барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оған қатысты құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен ұлттық стандарттардың сақталуы, сондай-ақ Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу мәселелері талқыланды.
Спикерлер орталықтың атқарып жатқан жұмыстары жайында сөз қозғап, мемлекеттік рәміздер тарихы мен заңнамаға сәйкес мемлекеттік рәміздерге қатысты жауапкершілік түрлерін кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді ұлттық құндылық тұрғысынан насихаттаудың мәні мен маңызына тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі