2025 жылғы 9 мамырда Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ол күн – 9 мамыр болатын» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Кеш барысында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік рухтағы әндер орындалып, тарихи құжаттарға негізделген бейнероликтер мен фотосуреттер көрермен назарына ұсынылды.
Сондай-ақ әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жер-Ана» шығармасының желісімен драмалық қойылым көрсетілді. Қойылым барысында заманауи технологиялық тәсілдер арқылы берілген сұрапыл соғысқа қатысты тарихи деректер мен статистикалық мәліметтер бүгінгі ұрпаққа сол бір зұлмат жылдардың ауыртпалығын, майдан мен тылдағы батырлардың ерен ерлігін көз алдына елестетіп, бейбіт күннің қадірін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Кеш барысында Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов, генерал Иван Панфилов, батальон командирі Бауыржан Момышұлы, комиссар Мәлік Ғабдуллин сынды Кеңес Одағының батырлары да еске алынып, олардың рухына тағзым етілді.
Биыл Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы дата кеш бағдарламасында ерекше аталып өтті. «Әлия» фильмінен үзінді мен монолог көрермендер тарапынан зор ықыласқа ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қолдауымен театр фойесінде соғыс тақырыбына арналған тарихи фотосуреттер мен құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетсек, соғыс басталғанда Ұйғыр театрының ұжымы Өзбекстанның Әндіжан қаласында гастрольдік сапарда жүрген. Әртістер дереу Алматыға қайтып оралып, 57 өнер иесі қару алып, майданға аттанды. Өкінішке қарай, олардың көбі оралмады. Алайда, тірі қайтқандары кейін ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, ел есінде қалды. Кеш барысында осы батыр әртістердің де есімдері ерекше ілтипатпен аталды.
Кешке келген әрбір көрермен өткен мен бүгінді салыстыра отырып, ата-бабалардың ерлігіне тағзым етіп, бейбіт өмірді ардақтауға шақырған өнер шеберлерінің шынайы шеберлігіне тәнті болып, рухани әсермен тарқасты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі