«Астана Опера» театры Жеңіс күніне арналған театрландырылған концерт ұсынды

«Астана Опера» театры Жеңіс күніне арналған театрландырылған концерт ұсынды

2025 жылғы 9 мамырда «Астана Опера» театрының Үлкен залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты салтанатты концерт өтті. Көрермен назарына ұсынылған театрландырылған композиция оларды 1941 жылдың ауыр сәттерінен бастап 1945 жылдың жеңісті көктеміне дейінгі тарихи жолмен жетеледі. Перрондағы қоштасу сәті, майданнан келген хаттар, үнсіздік минуты мен көптен күткен Жеңіс туралы хабар — бәрі де сахналық тілмен әсерлі жеткізілді.

Концерт барысында Сыдық Мұхамеджанов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловскийдің операларынан ариялар мен көріністер, сондай-ақ соғыс жылдарындағы танымал әндер — «Қасиетті соғыс», «Көк орамал», «Смуглянка», «Тырналар», «Қараңғы түн», «Жеңіс күні» және басқа да шығармалар орындалды. Концерттің режиссері — Ереңбақ Тойкенов. Шараға жас әншілермен қатар сахна шеберлері, хор, миманс және балет әртістері қатысты. Оркестрге театрдың дирижері Руслан Баймұрзин жетекшілік етті.

Мерекелік көңіл күй театр фойесінде де айқын сезілді. Қонақтарды 1940 жылдар стиліндегі әскери киімдегі әртістер қарсы алып, көрермендер назарына соғыс батырларына арналған көрме ұсынылды. Экспозицияда Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Күләш Байсейітова сынды қазақ елінің даңқты перзенттерінің ерлік жолы бейнеленді.

Оған дейін, 5 мамыр күні театр ардагерлерге арналған қайырымдылық шарасын өткізді. «Астана Опера» ұжымы оларға мерекелік сыйлықтар мен алғыс сөздерін жолдады. Ардагерлер өз кезегінде жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдірді. Олардың ерлігі — ел есінде.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі