6 мамыр күні Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Вячеслав Люй-коның кескіндемесі мен графикасы» атты көрме ашылды. Экспозицияда суретшінің соңғы үш жылда салған сексеннен астам кескіндемелік және графикалық туындысы қойылған. Аталған көрме — уақыт тынысы, өмірдің мәңгілік сұрақтары мен мәдени дәстүрлердің ұлылығы тоғысқан өнер мен философияның үйлесімі.
Вячеслав Люй-ко — Қазақстандағы ең сұранысқа ие суретшілердің бірі. Ол қылқалам мен қарындашты бірдей шебер меңгерген, өзіндік қайталанбас әрі бірден танылатын стилімен ерекшеленеді. Суретшінің туындылары — классика мен заманауилықтың, мистикалық сарын мен философиялық тереңдіктің, ирония мен жұмбақтың, астарлы мағына мен ортағасырлық фарстың, бүгінгі күн мен өткен дәуір шежіресінің ерекше үйлесімі.
Бұл шығармалар тек сыртқы шындықты бейнелеумен шектелмей, көрерменді ішкі жан дүниесіне үңіліп, терең философиялық толғаныстарға жетелейді. Вячеслав Люй-коның өнері арқылы біз уақыт пен кеңістіктен тыс жатқан адамзат баласының мәңгілік ізденістері мен рухани толғаныстарын танимыз. Оның туындылары өткен мен бүгінді, болмыс пен арманды байланыстыра отырып, тіршіліктің мәні мен адамгершілік құндылықтар жайлы терең ойларға жетелейді.
Суретшінің еңбектері Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, ҚР Ұлттық музейінде, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Германия, АҚШ, Канада, Түркия және басқа да елдердің жеке коллекцияларында сақталған. Көрме 2025 жылғы 23 мамырға дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі