Биыл 2 мамырда Батыс Қазақстан облысында қазақ киносының онкүндігі басталды. Іс-шара аясында БҚО тұрғындарына отандық киноның үздік туындылары мен қазақстандық режиссерлердің жұмыстары ұсынылды. Бағдарламаға енген әр кинокартина мемлекет тарихындағы негізгі кезеңдерді баяндап, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірін сипаттайды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақтың қайсар қыздары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туған жерінде «Қара қыз» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Режиссер Талғат Теменовтың фильмі соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек еткен азаматтардың адами құндылықтарын баяндайды. Шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров, аймақтағы мәдениет саласының өкілдері мен зиялы қауым қатысты.
Іс-шара аясында түрлі жанрдағы 14 фильм көрсетіледі. Атап айтсақ, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері арқылы көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын көруге болады. Ал «Бауырына салу» деп аталатын кинода қазақтың дәстүрі анық көрсетіледі. Кішкентай көрерменге «Тайқазан» деп аталатын анимациялық туынды ұсынылады. Фильм көрсетілімдерінің арнайы кестесі жасалып, тек облыс орталығында ғана емес, аудандар мен ауылдарда да көрсетіледі.
Бұған дейін Қазақ киносының онкүндігі Қарағанды облысында өтіп, кейін Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасты. Алдағы уақытта бұл бастама еліміздің басқа қалалары мен ауылдық жерлерінде де ұйымдастырылатын болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі