Қазақ ұлттық хореография академиясы Түркі әлемінің халықаралық фестиваліне қатысты

Қазақ ұлттық хореография академиясы Түркі әлемінің халықаралық фестиваліне қатысты

2025 жылғы 28 сәуірден 2 мамыр аралығында Анкара қаласында түркі әлемінің мемлекеттік балет және хореографиялық оқу орындарының «Анкара» атты халықаралық фестивалі өтті. Іс-шараны ТҮРКСОЙ түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы Хажеттепе университетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Фестиваль түркі елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Фестиваль аясында Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның жетекші хореографиялық оқу орындары басшыларының II отырысы, студенттер мен фестиваль қатысушыларына арналған шеберлік сабақтары өтті.

Жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф мырза және Хажеттепе университетінің проректоры мен Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша 2026–2027 оқу жылында оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ өзара ынтымақтастық пен түсіністік туралы меморандумдарға қол қою және түркі елдерінің кәсіби хореографиялық білім беру ұлттық жүйелерін жақындастыруға ықпал ететін ортақ білім беру бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Фестиваль Хажеттепе университетіне қарасты Анкара мемлекеттік консерваториясының концерт залында өткен Гала-концертпен қорытындыланды. Сахнада түркі әлемінің жетекші балет мектептерінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Қазақ ұлттық хореография академиясы атынан Сырманов Әбілмансұр қатысып, А. Аданның «Жизель» балетін орындады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі