Қазақстаннан Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 499 жауынгер бар. КСРО-ның жауынгерлік орден-медальдарымен жүз мыңнан астам сарбаз марапатталды, ал 113 қазақстандық ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров, Петр Теряев және Михаил Янко капитан Николай Гастеллоның ерлігін қайталап, зақымданған ұшақтарын жаудың техникасы, оқ-дәрісі мен әскері тиелген эшелонына бағыттап, ерлікпен қаза тапты.
Алтын Жұлдыз иегерлері Сұлтан Баймағамбетов, Иманғали Балтабанов, Иван Бабин, Сүндетқали Есқалиев, Буран Нысанбаев, Ағаділ Сұхамбаев жауырынын жаудың оқ ататын ұясына тосып, Александр Матросовтың ерлігін қайталады.
Кеңес Одағының Батыры атанған ең жас қазақ — 18 жастағы Жәнібек Елеуісов. Ол Днепр өзенінен өту кезінде қаза тапты.
Батырлар қатарында пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова бар. Олар – қазақ халқының мақтанышы, Шығыс пен Кавказдан шыққан Кеңес Одағының Батырлары атағын алған жалғыз әйелдер.
Әлия Молдағұлова 18 жасында 78 фашист солдатын жойып, мергендігімен ел есінде қалды.
Пулеметші Мәншүк Мәметова Невель қаласы үшін шайқастарда ерлікпен қаза тапты. Үш жауынгерден құралған пулемет есебінің екеуі қаза тапқан соң, жараланған Мәншүк бір пулеметтен екіншісіне еңбектеп ауысып, 72 неміс солдатын жойған. Бірақ өкінішке қарай, өзі де сол ұрыста қаза тапты. Батыр қыз бір аптадан кейін небәрі 21 жасқа толар еді.
Төрт қазақстандық ұшқыш Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды.
Панфиловшы полковник, көрнекті әскери стратег Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін Батыр атағы берілді.
Жеңіс шежіресіне тағы бір қазақ батырының есімі алтын әріппен жазылды. Ол – Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен Рақымжан Қошқарбаев.