2025 жылдың 28 сәуірінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Халықаралық би күніне арналған Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің концерті өтті.
Кештің шымылдығы ҚазКСР халық әртісі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің іргетасын қалаушы Зәуірбек Райбаевтың «Биші қайың» биімен ашылды. Сонымен сахнада қазақтың әндері мен әуендері шырқалды. Фольклорлық ансамбль «Ирең» күйін орындаса, күйші Сұлтан Әлімқұл «Аққу» күйін көпшілікке ұсынды. Көрермен би өнерінің сиқырына бөленіп, ерекше әсер алды.
Іс-шара соңында мәдениет саласындағы шығармашылық ұжымдар мен оқу орындары «Салтанат» мемлекеттік ансамблінің әртістерін Халықаралық би күнімен құттықтады.
Айта кетейік, биыл – би ұжымының 70 жылдық мерейтойы. Ансамбльдің әр қойылымы қазақтың ұлттық би фольклоры мен әлем халықтарының би өнеріндегі бай мұрасын бейнелейді.
Мерейтой аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұжым құрамындағы әртістердің шығармашылығы мен кәсіби дамуына серпін беру мақсатында фольклорлық ансамбль құрылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі